Доллар, инфляция және мұнай: Қазақстан экономикасының жаңа болжамы

Жарияланды 17 Шілде 2026 11:42

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Business news бөлімінің аға журналисі nursultankaseke@gmail.com
Коллаж: Нұрсұлтан Ерболатұлы

Экономистерден «алдағы үш жылда Қазақстан экономикасы қайда бет алады?» деп сұрасаңыз, жауап бір ғана көрсеткішке тірелмейді. Бірі мұнай бағасына қарайды, екіншісі инфляцияны есептейді, үшіншісі теңгенің тағдырын болжайды. Ұлттық банк осындай 16 ұйымның пікірін жинап, ортақ жағдайды көрсетті.

Сауалнамаға Halyk Finance, BCC Invest, Citigroup, ING, Еуразиялық даму банкі, Freedom Finance және басқа да зерттеу ұйымдары қатысты. Нәтижесінде Қазақстан экономикасының өсуі жалғасқанымен, қарқыны біртіндеп баяулайтыны байқалады.

Теңге биыл 500-де тұрақтауы мүмкін

Көпшіліктің назарын бірден USD/KZT болжамы аударады. Сарапшылардың есебінше, 2026 жылы доллардың жылдық орташа бағамы 500 теңге болуы мүмкін.

Мұнда бір маңызды жайт бар: бұл доллар дәл жыл соңында 500 теңге болады деген сөз емес. Жыл ішінде бағам бірде төмендеп, бірде көтеріліп отыруы мүмкін. Ал орташа көрсеткіші шамамен осы деңгейде қалыптасады деген болжам айтылып отыр.

Бұдан кейін теңгеге қысым күшеюі ықтимал. Сарапшылар 2027 жылы доллардың орташа бағамын 532,1 теңге, ал 2028 жылы 566,6 теңге деп бағалаған. Бұған дейінгі болжамдар сәл төмен болған. Демек сарапшылар теңгенің біртіндеп әлсіреу сценарийін негізгі нұсқалардың бірі ретінде қарастырып отыр.

Инфляция бірден басылмайды

Баға өсімі де қазақстандықтарды біраз уақыт мазалайтын сияқты. Сарапшылар 2026 жылдың соңында инфляция 10% болады деп күтеді. Бұл алдыңғы болжаммен бірдей.

2027 жылы инфляция 7,8%-ға, ал 2028 жылы 6,8%-ға дейін баяулауы мүмкін. Яғни бағалар өсуін тоқтатпайды, тек оның жылдамдығы біртіндеп төмендейді.

Тіпті бес жылдан кейін де инфляция шамамен 5,4% деңгейінде болады деген болжам бар. Бұл Ұлттық банктің 5% маңындағы мақсатына жақын болғанымен, баға мәселесі ұзақ уақыт күн тәртібінде қалатынын көрсетеді.

Несие біртіндеп арзандауы мүмкін

Инфляция жоғары кезде Ұлттық банк базалық мөлшерлемені күрт төмендете алмайды. Сарапшылар 2026 жылдың соңында мөлшерлеме қазіргі 18%-дан 16%-ға дейін түсуі мүмкін деп есептейді.

2027 жылы оның деңгейі 12,8%, ал 2028 жылы 10,6% болуы ықтимал. Мұндай сценарий жүзеге асса, бірнеше жылдан кейін банктердің несиелері мен депозит мөлшерлемелері де біртіндеп төмендей бастайды.

Дегенмен сарапшылар экономиканы қыздырмайтын әрі инфляцияны үдетпейтін «бейтарап» мөлшерлемені 9,8% деп бағалап отыр. Демек қазіргі қымбат ақша кезеңінен толық шығуға әлі уақыт керек.

Экономика өседі, бірақ бұрынғыдай жылдам емес…

2025 жылы Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 6,5%-ға өскен. Алайда алдағы жылдары бұл қарқын бәсеңдейді деген болжам бар.

2026 жылы экономика 4,8%-ға, 2027 жылы 4,6%-ға, ал 2028 жылы 4,3%-ға өсуі мүмкін. Яғни рецессия немесе құлдырау күтілмейді. Бірақ 2025 жылғы жоғары қарқынның қайталануы екіталай.

Сарапшылар Қазақстан экономикасының алдағы бес жылдағы әлеуетті орташа өсімін 4,4% деп бағалаған. Басқаша айтқанда, үлкен өзгерістер болмаса, экономика жылына шамамен 4–4,5% өсетін қалыпты режимге ауысуы мүмкін.

Мұнай әлі де қымбат, бірақ ұзаққа бармауы мүмкін

Қазақстан экономикасы үшін мұнай бағасы әлі де шешуші көрсеткіштердің бірі. Сарапшылар 2026 жылы Brent маркалы мұнайдың орташа бағасы барреліне 84,6 доллар болады деп күтеді.

Алайда кейін баға төмендейді: 2027 жылы 75 доллар, 2028 жылы 71,8 доллар болуы мүмкін. Яғни биылғы салыстырмалы қымбат мұнай бюджет пен экспортқа қолдау көрсеткенімен, бұл жағдай ұзақ мерзімге созылмауы ықтимал.

Экспорт көлемі 2026 жылы 94,5 млрд доллар, 2027 жылы 95 млрд доллар, 2028 жылы 97 млрд доллар болады деген болжам жасалған. Импорт та ұлғаяды, бірақ бұрынғы болжамдарға қарағанда баяуырақ өседі.

Жалпы көрініс мынадай: Қазақстан экономикасы өсуді жалғастырады, инфляция баяу төмендейді, ал базалық мөлшерлеме біртіндеп жұмсарады. Бірақ сонымен қатар доллар бағамы жоғарылап, мұнай бағасы кейін төмендеуі мүмкін.

Сауалнамадағы болжамдардың арасы әлі де кең. Бұл сарапшылардың өзі әлемдік нарықтың, мұнай бағасының және ішкі экономиканың алдағы бағытына толық сенімді емес екенін білдіреді.

Сондай-ақ оқыңыз