
Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра комитетінің 48-ші сессиясы басталды.
Қазақстан үшін басты оқиғалардың бірі – Маңғыстаудың жерасты мешіттері мен олармен байланысты киелі нысандарды Дүниежүзілік мұра тізіміне енгізу туралы өтінімнің қаралуы болмақ. ҚР СІМ хабарлағандай, сессия 19-29 шілде аралығында өтуде.
Оған ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мәдени және табиғи мұраны қорғау туралы конвенциясына мүше 196 елден 3 мыңға жуық қатысушы, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың өкілдері мен сарапшылар жиналды.
Ашылу салтанатына Корея Республикасының президенті Ли Чжэ Мён және ЮНЕСКО-ның бас директоры Халед Аль-Анани қатысты.
«Қазақстан сессия жұмысына Дүниежүзілік мұра комитетінің мүшесі ретінде қатысуда. Дәл осы жерде «Маңғыстаудың жартас мешіттері және олармен байланысты киелі нысандар» ұлттық номинациясының тағдыры шешіледі», – делінген СІМ хабарламасында.
Әңгіме Бекет-ата, Қараман-ата, Шақпақ-ата, Шопан-ата және Сұлтан-епе қасиетті орындары туралы болып отыр.
Соңғы жылдары Маңғыстауда дайындық жұмыстары жүргізілді: қорғау аймақтары айқындалды, ақпараттық стендтер орнатылды, фото- және видеоматериалдар жиналды, ғылыми құжаттар дайындалып, ЮНЕСКО-ның Париждегі штаб-пәтеріне жіберілді.
Қазақстандық өтінімнен бөлек, комитет Дүниежүзілік мұра тізіміне енгізу үшін тағы 29 жаңа номинацияны қарастырады. Сондай-ақ, сарапшылар ЮНЕСКО-ның қорғауында тұрған 147 нысанның сақталу жағдайын талқылайды.
Маңғыстаудың жерасты мешіттерін Дүниежүзілік мұра тізіміне ілгерілету жұмыстарын бастауды бұған дейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырған. Бұл туралы ол Атырауда өткен Ұлттық құрылтай отырысында айтқан еді.