
Әлемдік нарықта мұнай бағасы өсімін жалғастырды. 22 шілде таңындағы саудада Brent маркалы мұнай 1,1%-ға қымбаттап, барреліне 92,01 долларға жетті. АҚШ-тың WTI мұнайы да 1%-ға өсіп, 85,16 доллардан саудаланып жатыр.
Бағаны көтерген басты фактор – Таяу Шығыстағы жағдайдың қайта шиеленісуі. АҚШ Иран аумағындағы әскери нысандарға он бірінші түн қатарынан соққы жасап жатыр. Бұған жауап ретінде Иран Бахрейн, Кувейт және Иорданиядағы америкалық нысандарды шабуылдады. Нарық бұл қақтығыс мұнай өндірісі мен тасымалына әсер етуі мүмкін деп қауіптеніп отыр.
Қысымды күшейткен тағы бір жаңалық – Йемендегі хуситтердің Сауд Арабиясының мұнай тасымалына қауіп төндіріп, Баб-эль-Мандеб бұғазында теңіз блокадасын жариялауы. Осыдан кейін Сауд Арабиясының үш танкері бағытын өзгерткен. Бұл мұнайды Азияға жеткізу уақытын ұзартып, тасымал құнын арттыруы мүмкін.
Сонымен қатар Қара теңіздегі танкерлерге жасалған дрон шабуылдарынан кейін Каспий құбыр консорциумының Қазақстан мұнайын қабылдауды уақытша тоқтатуы нарықтағы ұсынысқа қатысты алаңдаушылықты күшейтті. Қазір мұнай бағасына нақты тапшылықтан гөрі, негізгі экспорттық бағыттардың жабылып қалу қаупі көтеріп отыр.
Дегенмен АҚШ-та мұнай қорының өскені бағаның одан да қатты көтерілуін тежеп тұр. Сондықтан алдағы қозғалыс Ормұз және Баб-эль-Мандеб бұғаздарындағы жағдайға, сондай-ақ АҚШ пен Иран арасындағы қақтығыстың қаншалықты ушығатынына байланысты болмақ.
Тағы да оқыңыз: 5 млрд доллар дауы: Қазақстан NCOC басшысына ескерту жасады.