
Жамбыл облысында полициядан қашпақ болған мас мопед жүргізушісі 20 тәулікке қамалды.
Polisia.kz ақпаратына қарағанда, Тараз қаласындағы Тұрысова көшесінде патрульдік қызмет атқару барысында полиция қызметкерлері нөмір жоқ мопед жүргізушісін байқаған.
«Полицейлердің көлікті тоқтату туралы заңды талабына жүргізуші бағынбай, оқиға орнынан қашуға әрекеттенген. Алайда қысқа уақытқа тәртіп сақшылары оны ұстады. Жүргізушімен сөйлесу барысында полиция қызметкерлері оның масаң күйде екенін байқап, медициналық куәландыруға жіберді», – делінген ақпаратта.
Сараптама қорытындысына сәйкес, азаматтың орташа дәрежедегі алкогольдік масаң күйде болғаны анықталды. Тексеру барысында оның көлік басқару құқығы жоқ екені, яғни жүргізуші куәлігін мүлде алмағаны белгілі болды.
Сот шешімімен оған 20 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алу жазасы тағайындалды. Ал мопед арнайы айып тұрағына қойылды.
Айта кететін жайт, Қазақстанда мопедтерге салық енгізу жоспарланып отыр.