Биыл электр стансаларын жөндеуге 384 млрд теңге бөлінді

Жарияланды 27 Шілде 2026 09:36

Аяна Әнуарқызы

Аяна Әнуарқызы

Business news бөлімінің журналисі
Биыл электр стансаларын жөндеуге 384 млрд теңге бөлінді
Биыл электр стансаларын жөндеуге 384 млрд теңге бөлінді / фото: shutterstock

Елімізде 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық басталды. Биыл электр стансаларын жөндеуге нысан иелері 384 млрд теңге бөлді. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі жазды.

2025 жылы электр стансаларын жөндеуге энергия нысандарының меншік иелері 348 млрд теңге жұмсады. Жылыту маусымына бөлінген биылғы қаражат өткен жылмен салыстырғанда 9%-ға көп.

Айта кету керек, қаражат электр энергиясының тарифі есебінен қалыптасады. Әрбір станса жөндеу жұмыстарын бірінші кезекте жүргізуді қажет ететін ең тозған учаскелерді өз бетінше айқындайды.

5 жылыту нысаны қызыл аймақта тұр

Қазіргі уақытта ерекше бақылауда тәуекелдің «қызыл» аймағында тұрған 5 жылу энергетикалық нысан бар. Олар Семей, Орал, Тараз қалаларындағы ЖЭО, Ақтау қаласындағы ЖЭО-2 және Теміртаудағы ГРЭС-1 нысандары. Жыл қорытындысы бойынша электр стансаларындағы жабдықтардың орташа тозу деңгейін 52%-ға дейін төмендету жоспарланып отыр.

2026 жылы барлығы 9 энергоблокқа, 55 қазандыққа және 51 турбинаға күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған.

Қазіргі уақытта 2 энергоблок толық дайын, тағы 2 энергоблокта жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. 13 қазандыққа күрделі жөндеу аяқталды, 27 қазандық бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. 8 турбина пайдалануға берілді, 16 нысанда жөндеу жұмыстары жалғасуда.

Бұған дейін Үкімет Петропавлдағы жылу магистралін жөндеуге 650 млн теңге бөлді. Аталған магистраль 30 мыңнан астам тұрғынды жылумен қамтамасыз етеді.

Сондай-ақ оқыңыз