
Әлеуметтік желіде Криштиану Роналду мен оның сүйіктісі Джорджина Родригес 1 тамыз күнi үйлену тойын жасайтыны туралы ақпарат тарады. Бірнеше дереккөздің хабарлауынша, жұлдызды жұп осы сенбіде Португалияның Синтра қаласында ресми түрде некесін қимақ.
Жаңалықты бірқатар БАҚ іліп әкетіп, тіпті салтанатты шараға шақырылған меймандардың тізімін де жариялай бастады. Шақырылуы мүмкін қонақтардың қатарында француз футболшысы Килиан Мбаппе, UFC жұлдыздары Хабиб Нурмагомедов пен Конор Макгрегор, сондай-ақ Рианна, Дженнифер Лопес, Дрейк және Трэвис Скотт сияқты музыка әлемінің саңлақтары бар.
Дегенмен, жұптың өзі де, беделді әлемдік басылымдар да әзірге тойдың нақты өтетін күні туралы ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Өткен жылдың қараша айында Роналду үйлену тойын Әлем чемпионаты аяқталған соң өткізуді жоспарлап отырғанын айтқан, ал кейбір дереккөздер салтанатты шара қыркүйек айында өтуі мүмкін екенін меңзеген.
Соған қарамастан, жақында Криштиану Роналду отбасымен жеке ұшақпен белгісіз қалаға ұшып келгені белгілі болды. Жұп 2017 жылы қарым-қатынастарын ресми түрде растап, содан бері спорт пен шоу-бизнес әлеміндегі ең үлгілі әрі танымал отбасылардың біріне айналды.
Бүгінде ерлі-зайыптылар бес бала тәрбиелеп отыр. Оның ішінде екі баланың анасы Джорджинаның өзі болса, қалған үш балаға ол қамқоршы мәртебесіне ие:
- Криштиану Роналду – кіші (2010 жылғы) – суррогат анадан туған үлкен ұлы;
- Ева Мария мен Матео (2017 жылғы егіздер) – суррогат анадан туған;
- Алана Мартина (2017 жылғы) – Роналду мен Джорджинаның ортақ қызы;
- Белла Эсмеральда (2022 жылғы) – Роналду мен Джорджинаның кенже қызы.
2025 жылдың тамыз айында Джорджина әлеуметтік желідегі парақшасында Роналду сөз салғанын айтып, қолындағы жүзігін көрсетті. Джорджинаның айтуынша, ол бұл сәтті 10 жыл бойы күткен.
Кейінірек Роналду да үйлену тойының өтетінін растады, бірақ шара Әлем чемпионатынан кейін ғана ұйымдастырылатынын баса айтқан еді. Алайда Португалия құрамасы турнирдің 1/8 финалында Испания құрамасына жол беріп, жарыстан шығып қалды. Роналдуның өзі бұл турнирде 3 гол соғып, оның ішінде 1/16 финалда Хорватияға қарсы ойында жеңіс голын соққан еді.