
Отандық киносүйер қауымды елең еткізген жаңалық: өткен жылдың басты криминалды хит туындысы атанған «MŪNAI» сериалы өзінің заңды жалғасын таппақ. Жоба авторлары көптен күткен екінші маусымның түсірілім жұмыстары басталып кеткенін ресми түрде жариялады.
Жаңа маусымның сценарийі толықтай бекітілген және түсірілім тобы жақын арада жұмысқа білек сыбана кіріспек. Екінші бөлімде де оқиға желісі дәстүрлі түрде Маңғыстау облысында жалғасады.

Екінші маусымда басты рөлдердің бірін әлемдік деңгейде танымал актер сомдайды деп күтілуде. Оның кім екені әзірге құпия. Әрине экранға бірінші маусымнан таныс сүйікті кейіпкерлер де, оқиғаға жаңа серпін беретін жаңа кейіпкерлер де қайта оралады.
Жаңа маусымға дайындық аясында актерлік құрамды толықтыру үшін ашық кастинг ұйымдастырылады. Іріктеудің нақты уақыты мен шарттары туралы ақпарат жуырда жарияланбақ.
Естеріңізге сала кетейік, режиссер Дархан Төлегенов түсірген туындының алғашқы маусымы 2025 жылы жарыққа шығып, көрерменді бірден баурап алған. Сюжет желісі 90-жылдардағы аласапыран кезеңді, үлкен өзгерістер мен қатал заңдар дәуірін сипаттайды. Оқиға мұнайлы өңірде өрбиді, ал ақша, билік пен ықпал үшін болған тартыс кейіпкерлер тағдырын шиеленісті оқиғаларға ұластырады.