Медицина мен дәрі-дәрмек ақысын төлеуде цифрлық теңге қолданыла бастайды

Жарияланды 5 Тамыз 2026 10:54

Үмітжан Бакелекова

Үмітжан Бакелекова

Business news бөлімінің редакторы u.bakelekova@kursiv.media
Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Алдағы уақытта тегін және сақтандыру арқылы берілетін медициналық көмек пен дәрі-дәрмек ақысын төлегенде цирфлық теңге қолданылады. Қаржы министрлігі пилоттық жоба қағидаларын жариялады.

Құжат Бюджет кодексі мен президенттің 2026 жылғы 10 ақпанда берген тапсырмасына сәйкес әзірленді.

Бұл жүйе ақшаның қайда және қалай жұмсалып жатқанын анық көрсетіп, оның тек өз мақсатына жұмсалуын бақылайды.

Бастама Президенттің тапсырмасы мен Бюджет кодексіне сәйкес қолға алынған.

«Жоба тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қаражатын пайдалану кезінде есеп айырысуды, таңбалауды және олардың мақсатқа сай пайдаланылуын бақылау тәртібін айқындайды», – делінген түсіндірме жазбада.

Негізгі мақсат – мемлекет ақшасының жұмсалуын толық ашық әрі таза ету. Қазір құжат «Ашық НҚА» сайтында орналастырылған, 19 тамызға дейін ашық талқыда болады.

Цифрлық теңге 18 шілдеден бастап ресми айналымға енгізілген. Цифрлық теңгені шығару, айналымын ұйымдастыру және өтеу құқығы тек Қазақстан Ұлттық Банкіне тиесілі. Барлық операция Ұлттық банктің арнайы платформасында ашылатын цифрлық шоттар арқылы жүзеге асырылады.

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, цифрлық теңгені мемлекеттік қаржы саласында пайдалану үшін үкіметпен бірге арнайы жол картасы бекітілген. Қазірдің өзінде айналымға шамамен 340 млрд цифрлық теңге шығарылған. Алдағы уақытта цифрлық теңге айналымы 1 трлн теңгеге жетуі ықтимал.

Сондай-ақ оқыңыз