
Turan Resources Ltd. компаниясы Балқаш қаласына жақын, Саяқ кентінен 25 шақырым жерде орналасқан Ақтас I және Ақтас II алтын кен орындарын игеруді жоспарлап отыр. Бұл туралы Qazba.kz хабарлады.
Кенді ашық әдіспен өндіру жұмыстары 2027 жылы басталуы мүмкін. Ал 2028 жылы кәсіпорын жылына 1,2 млн тонна кен өндіретін жобалық қуатына шығуды көздеп отыр.
Кен орындарын игеру мерзімі 11 жылға есептелген. Осы уақыт ішінде жалпы көлемі 12 млн тоннадан асатын алтын бар кен өндіру жоспарланып отыр.
2023 жылы әзірленген тау-кен жұмыстары жоспарына сәйкес, Ақтас II кен орнындағы алтын қоры 10 тоннаға бағаланған. Оның 5,5 тоннасы C1, тағы 4,5 тоннасы C2 санатына жатады. Ал Ақтас I кен орнындағы C2 санатындағы алтын қоры 4,7 тоннаны құрайды.
Осылайша, екі кен орнындағы алтынның жиынтық қоры шамамен 14,7 тоннаға жетеді.
Ақтас I және Ақтас II кен орындары бір-бірінен шамамен бір шақырым жерде орналасқан. Сондықтан екі жобаға ортақ байыту фабрикасы мен инфрақұрылым пайдаланылады. Кәсіпорынға қажетті электр энергиясы Балқаш жылу электр орталығынан жеткізілмек.
Turan Resources Ltd. компаниясының ортақ иелері – Александр Ким, Мұрат Қымбатов, Дәулет Сыздықов және Әлібек Шәкіримов. Оларға тау-кен саласында жұмыс істейтін тағы бірнеше компания тиесілі.
Қазақстанда алтын бағасы соңғы аптада төмендеді. Ұлттық банк дерегінше, 6 тамызда бір грамм алтынның құны 61 444,62 теңге болды.