
Алматыдағы Есентай жағалауында қар барысы мен алып алма бейнеленген гүл композициялары орынға ерекше көрік беріп тұр. Өзен жағалауындағы гүл алқабы қаладағы ең үлкені саналады. Ауданы – 20 мың шаршы метр
Биыл Алматыда сәндік гүлдермен безендірілген аумақтардың жалпы көлемі 410 мың шаршы метрден асқан. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 77%-ға көп. Біржылдық гүлдердің саны 2,7 миллионнан 4,3 миллионға дейін, ал раушан гүлдері 125 мыңнан 580 мыңға дейін артқан.
Ең ірі гүл алқаптары қатарына Есентай жағалауынан кейін Сайран су қоймасының бойы мен Halyk Arena маңындағы аумақ кіреді.

«Таулы Қырат» шағынауданындағы жағалауында биіктігі 2,5 метр болатын топиарий орнатылған. Композиция серуен аймағы бойымен 30 метрге созылып жатыр. Оның гүлден жасалған «қауырсындары» целозия, шырайгүл, цинерария және альтернантера өсімдіктерінен құралған.
Сондай-ақ мұнда тағы екі көлемді композиция – «Қар барысы» мен «Алма» орналастырылады. Биіктігі 1,8 метр, ұзындығы 4,3 метр болатын қар барысының мүсінін безендіруге 3,5 мың цинерария мен альтернантера өсімдігі пайдаланылған. Ал биіктігі 2,4 метр, ені 2,5 метр болатын гүлден жасалған «Алма» композициясы 1,5 мың шырайгүлден құрастырылған.
Әкімдік гүлден жасалған өзге арт-композициялар Шұғыла шағынауданында, «Алатау» шипажайы маңында, Сәбденов көшесінде және Абай даңғылында да орналастырылғанын айтады.
Бұған дейін, Алматыда сакура мен магнолия болатын жапон бағы қашан ашылатынын жазғанбыз.