Қазақстанда той жасау қанша тұрады

Жарияланды 7 Тамыз 2026 17:12

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General news бөлімінің журналисі r.mutairov@kursiv.media
Фото: shutterstock

Жаз бен күз айлары Қазақстандағы дәстүрлі той маусымының ең қызған шағы. Сұраныстың артуына байланысты банкет залдары, асаба, фотограф, декораторлар мен әртістердің қызмет бағасы да өседі. Бүгінде заманауи той тек ресторандағы отырыспен шектелмей, ондаған жеке қызметті қамтитын ауқымды іс-шараға айналды.

OLX Қазақстан сарапшыларының зерттеуіне сүйене отырып, 2026 жылы той ұйымдастырудың негізгі шығындары мен орташа бюджетін ұсынамыз.

1. Мейрамхана

Той бюджетінің басым бөлігі банкет залына кетеді. Баға қалаға, мекеменің танымалдылығына және қонақтар санына тікелей байланысты:

Ең төменгі баға 500 000 теңгеден басталады (шағын жиындарға арналған).

Орташа баға 800 000 – 1,5 миллион теңге аралығы.

Премиум локациялар 2,5 миллион теңгеге дейін және одан жоғары (ас мәзірінің құнын есептемегенде).

2. Декор және фотозона

Бүгінде жастар кешенді безендіруді, фотозоналарды, гүл композицияларын және салтанатты неке қию рәсімін жиі таңдайды.

Залды безендіру орташа есеппен 500 000 теңгеден басталады.

Фотозона дайындау/жалға алу: 150 000 теңгеден басталады.

3. Жүргізуші (асаба) және шолу-бағдарлама

Жүргізуші қызметі минималды бағасы 200 000 теңгеден басталады (тәжірибелі әрі танымал тамадалар бағасы бұдан айтарлықтай жоғары). 

Би ұжымдары: бір би нөмірінің құны 20 000 – 50 000 теңге аралығында.

4. Фото және видео түсірілім

Фотограф сағатына 10 000 теңгеден басталады.

Видеограф сағатына 20 000 теңгеден басталады.

Толық той күнін түсіру үшін мамандар кемінде 4-6 сағат жұмыс істейтінін ескерсек, бұдан көбірек шығын шығады.

5. Жастардың киімі

Қалыңдық көйлегі орташа есеппен 250 000 теңгеден басталады (дизайнерлік көйлектер әлдеқайда қымбат).

Күйеу жігіт костюмі: орташа бағасы 30 000 – 100.000 теңге.

Қосымша аяқ киім, макияж, шаш үлгісі, әшекейлер және келін гүлі бар. 

6. Кортеж, гүл шоғы мен торт

Автокөлік арендасы: сағатына 25 000 теңгеден басталады.

Келін гүл шоғы (букет): 30 000 теңгеден (авторлық жұмыстар 70 000 – 100 000 теңгеден жоғары).

торт: 50 000 – 150 000 теңге аралығында.

Толық баға кестесі (Орташа есеппен)

Қызмет түріБастапқы / Орташа бағасы (KZT)
Банкет залы (жалға алу)800 000 – 1 500 000 ₸
Декор мен фотозона650 000 ₸ бастап
Жүргізуші (асаба)200 000 ₸ бастап
Келін көйлегі мен костюм300 000 ₸ бастап
Торт және келін гүлі80 000 – 250 000 ₸

Жалпы той бюджеті қанша болады?

Дайындық шығындарын есептей келе, мынадай қорытынды жасауға болады:

Ең төменгі бюджет 

Шағын әрі ықшам тойдың өзі ас мәзірінсіз, неке жүзіктерінсіз және саяхатсыз шамамен 4–5 миллион теңгеге түседі.

Орташа бюджет

Нарықтағы ең жиі кездесетін толыққанды тойдың бюджеті (банкет менюін есептемегенде) 7–10 миллион теңге аралығын құрайды.

Қазақ халқы үшін той бір күнмен шектелмейді. Көп жағдайда сырға салу, құдалық және қыз ұзату сияқты дәстүрлі шаралар бөлек ұйымдастырылатындықтан, жалпы отбасылық шығын көлемі бұдан бірнеше есеге артуы мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз