
Отбасы банктің «Ұмай» ипотекалық бағдарламасы тамыз айының соңына дейін іске қосылады. Бұл туралы бүгін банк төрағасы Ләззат Ибрагимова айтты.
Осылайша, біраз уақыттан бері бағдарламаны мерзімін күтіп жүрген әйелдерге арналған ипотекалық бағдарлама қайтадан нарыққа шығуға жақын. Бұған дейін Отбасы банк «Ұмайдың» жаңа шарттарын да жариялаған еді.

Жаңартылған «Ұмайдың» шарттары қандай?
Оның айтуынша, банк қазір бағдарламаны қаржыландыру бойынша Азия даму банкімен тиісті құжатқа қол қойған. Қазіргі есеп бойынша ипотеканың бастапқы мөлшерлемесі 14%-дан басталмақ.
«Біз алғашында 14%-дан 16%-ға дейін болады деп ойлағанбыз. Қазір есептеп жатырмыз», – деді Ләззат Ибрагимова.
8 жылдан кейін мөлшерлеме 3,5%-ға түседі
Бағдарламаның ерекшелігі – несие мөлшерлемесі бір деңгейде қалмайды. Банк төрағасының түсіндіруінше, клиент 8 жыл бойы депозит шотына қаражат салып отырады. Осы кезең аяқталған соң несие бойынша мөлшерлеме 3,5%-ға дейін төмендейді. Жалпы кредиттің бастапқы пайызы 14%-дан басталады.
Бұған дейін жарияланған шарттарға сәйкес, «Ұмай» арқылы баспана алу үшін тұрғын үй құнының кемінде 20%-ын бастапқы жарна ретінде салу қажет. Қарыздың ең жоғары сомасы 30 млн теңгеге дейін, ал несие мерзімі 25 жылға дейін қарастырылған.
Бағдарлама арқылы жаңа салынған тұрғын үйден де, қайталама нарықтан да пәтер сатып алуға болады. Қатысушының қай қалада тіркелгені маңызды емес, сондай-ақ атында басқа баспананың болуы бағдарламаға қатысуға кедергі келтірмейді.