Конгода эбола індетінен 2 мыңнан астам адам қайтыс болды

Жарияланды 11 Тамыз 2026 14:38

Талғат Дүйсенбек

Талғат Дүйсенбек

Business news бөлімінің аға журналисі t.bukharbaev@kursiv.media
Конгода эбола індеті өршіп тұр
Жұқпалы індетпен күресуші дәрігер / фото: REUTERS/Thomas Mukoya

Конгода аса қауіпті эбола вирусынан 2011 адам қайтыс болды. 11 тамыз, сейсенбі күні індет туралы тың мәлімет жарияланды.

Эбола құрбаны көбейді

Конго қоғамдық денсаулық сақтау институтының дерегінше, елдің бес өңірінде 4381 адам эбола жұқтырған. Ауруды дер кезінде анықтамау, жанжалдар және денсаулық сақтау саласының әлсіздігі вирустың тез таралуына себеп болды.

Reuters мәліметінше, вирустың Эбола Бундибугйо штаммының әзірге мақұлданған вакцинасы немесе емдеу әдісі жоқ. Science журналы індет 2026 жылғы қаңтар айында Итури өңірінде басталды деп топшылайды. Мамырға дейін 500 адам қатерлі ауру жұқтырып үлгерген. Халықаралық денсаулық сақтау ұйымы көктемде ғана дабыл қаққан.

Бұған дейін Конгода эбола індетімен күресіп жүрген дәрігерлер айлық алмағаны мәлім болған.

Жұқпалы ауру

Эбола – адам мен жануарлар үшін өте қауіпті вирус. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы оны ең қауіпті аурулар қатарына қосқан. Вирус адамның қан тамырларын зақымдайды. Соның салдарынан ішкі ағзалар зақымданып, қан кетеді.

Жұқпалы ауру ауа арқылы таралмайды. Бірақ қан, сілекей, тер, құсық, зәр секілді биосұйықтық арқылы өте тез жұғады.

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі эбола індетіне байланысты маңызды мәлімдеме жасаған.

Сондай-ақ оқыңыз