2,5 млрд теңге жымқырған: халықаралық іздеу жарияланған күдікті Кореядан жеткізілді

Жарияланды 12 Тамыз 2026 10:34

Үмітжан Бакелекова

Үмітжан Бакелекова

Business news бөлімінің редакторы u.bakelekova@kursiv.media
Күдікті Кореядан жеткізілді / Фото: shutterstock

Оңтүстік Корея 2,5 миллиард теңгені заңсыз қолма-қол ақшаға айналдырды деген күдікке ілінген Ұлан Байболовты Қазақстанға қайтарды. Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, ол салық және бюджетке төленетін өзге де міндетті төлемдерден жүйелі түрде жалтарумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында болған.

Қылмыстық топ компанияларды жалған басшылардың атына тіркеп, солардың банктегі есепшоттары арқылы қаржы операцияларын жүргізген. Кейін салық есептілігіне бұрмаланған мәліметтер енгізіп, қаржыны қолма-қол ақшаға айналдырып отырған.

Осындай заңсыз схеманы пайдаланған мекеменің бірі – «Сфера» ЖШС. Күдікті 2014 жылы осы компания директорының орынбасары болып тағайындалған.

Тергеу деректеріне сүйенсек, топ мүшелері аталған серіктестіктің есепшоттары арқылы 2,5 млрд теңгеден астам қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырған. Бұдан бөлек, мемлекетке қосымша есептелген салық көлемі 1 млрд теңгеден асып жығылады.

Қазіргі уақытта сот күдіктіге қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады, тергеу амалдары жалғасуда. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, іске қатысты басқа мәліметтер жарияланбайды.

Бұған дейін аса ірі көлемде алаяқтық жасаған күдікті Грузиядан жеткізілген.

Сондай-ақ оқыңыз