Мектепке дейін баланы қандай дәрігерлерге көрсету керек – педиатр кеңесі

Жарияланды 12 Тамыз 2026 16:46

Азамат Серікхан

Азамат Серікхан

General news бөлімінің аға журналисі a.serikkhan@kursiv.media
Фото: kursiv.media, Асқар Ахметуллин

Жаңа оқу жылына дайындық тек мектеп формасы мен оқу құралдарын түгендеумен шектелмейді. Бала мектептегі оқу жүктемесіне дайын ба, көруі мен естуі дұрыс па, денсаулығына қосымша тексеру қажет пе?! Бұл сұрақтарды оқу жылы басталмай тұрып анықтап алған жөн. Педиатр Мадина Даненбаева мектепке дейін қандай тексерулерден өту керегін және қай жағдайда қосымша диагностика қажет болатынын айтып берді.

Алдымен педиатрға қаралған дұрыс

Фото: дәрігердің жеке мұрағатынан

Маманның айтуынша, мектепке дайындықты педиатрға немесе жалпы практика дәрігеріне қаралудан бастаған жөн. Дәрігер баланың бойы мен салмағын, олардың жасына сай өзгеру динамикасын бағалап, дене салмағы индексін есептейді. Сонымен қатар қан қысымын өлшеп, тері мен шырышты қабаттардың, жүрек-қан тамырлары және тыныс алу жүйелерінің, құрсақ қуысы ағзаларының жағдайын тексереді.

Сондай-ақ баланың омыртқасы, дене сымбаты мен табанына назар аударылады. Жүйке-психикалық және жыныстық дамуы да жасына сәйкес бағаланады.

Көру қабілетін тексеру маңызды

Мектепте бала көп уақытын кітап оқуға, жазуға және экран алдында өткізуі мүмкін. Сондықтан көру қабілетіндегі ақауларды оқу жылы басталмай тұрып анықтаған дұрыс.

Ата-ана мына белгілерге мән беруі керек:

  • бала жиі көзін сығырайтса;
  • кітапқа немесе дәптерге тым жақын еңкейсе;
  • телефон не планшетті көзіне жақын ұстаса;
  • басы жиі ауырса;
  • көзге күш түскенде тез шаршаса.

Осындай белгілер байқалса, педиатр офтальмологқа қаралуды ұсынуы мүмкін.

Есту мен тыныс алу мүшелерін де ұмытпаған жөн

Кейде баланың есту қабілетінің төмендегенін ата-ана бірден байқамауы мүмкін. Бала сөзді жиі қайта сұраса, теледидардың дауысын қатты шығарса немесе алыстан айтылған ақпаратты қабылдауда қиналса, маманға көрсеткен жөн.

Бала құлағы жиі қабынса, мұрны үнемі бітеліп жүрсе, қатты қорылдаса немесе мұрынмен тыныс алуы қиындаса, ЛОР дәрігеріне қаралу қажет.

Дене сымбаты мен табанына назар аударыңыз

Оқу жылы басталғанда бала партада ұзақ отырады. Сондықтан мектепке дейін тірек-қимыл жүйесінің жағдайын бағалау да маңызды.

Дәрігер иық пен жауырынның симметриясына, дене сымбатына, жүрісіне және табанының орналасуына қарайды. Егер бала арқасының, тізесінің, тобығының немесе басқа буындарының ауырғанын айтса, бұл туралы міндетті түрде дәрігерге хабарлау керек.

Тіс дәрігеріне қаралған дұрыс

Ауыз қуысының саулығы да баланың жалпы жағдайына әсер етеді. Емделмеген тісжегі мен тіс ауруы ұйқыға, тамақтануға, көңіл-күйге және баланың сабаққа көңіл бөлуіне кері әсер етуі мүмкін.

Сондықтан оқу жылы басталмай тұрып стоматологқа профилактикалық тексеруден өтіп, қажет болса тістерді емдетіп алған дұрыс.

Барлық балаға қан талдауын тапсыру қажет пе

Қанның жалпы талдауы және басқа зерттеулер баланың шағымдары немесе белгілі бір қауіп факторлары болған жағдайда тағайындалуы мүмкін.

Мысалы, бала тез шаршаса, өңі бозарса, дұрыс тамақтанбаса, рационы шектеулі болса немесе бұрын темір тапшылығы анықталса, қосымша тексеру қажет болуы мүмкін.

Жасөспірім қыздардың етеккір циклі өзгерсе немесе етеккірі өте көп келсе, оған да ерекше назар аудару керек.

Ал D дәрумені, ферритин, қалқанша без гормондарының деңгейін анықтау немесе түрлі УДЗ-дан барлық баланы бірдей өткізу міндетті емес. Мұндай зерттеулердің қажет-қажет еместігін дәрігер тексеру мен баланың медициналық тарихын ескере отырып шешеді.

Вакцинация күнтізбесін тексеріңіз

Мектепке дайындық кезінде баланың вакцина алған-алмағанын да тексеріп қойған жөн. Егер қандай да бір екпе салынбай қалса, бұл мәселені дәрігермен талқылау қажет.

Маман баланың вакцинация жағдайын бағалап, қолданыстағы ұсынымдарға сәйкес әрі қарай қандай қадам жасау керегін анықтайды.

Баланың ұйқысы мен көңіл-күйі де маңызды

Мектепке дайындық тек медициналық тексерулермен шектелмейді. Педиатр ата-аналарға баланың ұйқы режиміне, тамақтануына, физикалық белсенділігіне және телефон мен планшетке жұмсайтын уақытына да назар аударуды ұсынады.

Баланың мектепке байланысты қатты уайымы болса, зейінін шоғырландыру қиын болса немесе физикалық әрі интеллектуалдық жүктемені ауыр қабылдаса, бұл туралы да дәрігерге айтқан дұрыс.

Қай кезде қосымша тексеру қажет

Мына белгілер байқалса, дәрігерге қаралуды кейінге қалдырмаған жөн:

  • тұрақты әлсіздік пен тез шаршау;
  • бас айналу немесе есінен тану;
  • физикалық жүктеме кезінде ентігу немесе кеуде тұсының ауыруы;
  • жиі бас ауруы;
  • көру қабілетінің нашарлауы;
  • қатты қорыл;
  • салмақтың күрт өзгеруі;
  • арқа немесе буындардың ауыруы;
  • тәбеттің төмендеуі;
  • мінез-құлқындағы елеулі өзгерістер.

Мұндай жағдайда профилактикалық қараудың өзі жеткіліксіз болуы мүмкін. Қандай мамандарға барып, қандай зерттеулерден өту керегін дәрігер анықтайды.

Педиатрдың айтуынша, баланы мектепке дайындау мүмкіндігінше көп ауруды іздеп, ондаған талдау тапсыруға айналмауы керек.

Негізгі мақсат баланың қалыпты өсіп, дамып келе жатқанын, жақсы көріп және еститінін, алдағы оқу жүктемесіне төтеп бере алатынын бағалау. Сонымен бірге бақылауды немесе емдеуді қажет ететін жағдайларды дер кезінде анықтау маңызды.

Сондықтан ең дұрыс тәсіл алдымен педиатрға профилактикалық тексеруден өтіп, қажет болған жағдайда ғана қосымша мамандар мен зерттеулерге жүгіну.

Тағы да оқыңыз: Онкологияның алдын алатын вакцинаның жаңа түрі жеткізілді: кімге тегін салынады.

Сондай-ақ оқыңыз