
2026 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша Қазақстандағы активі ең үлкен 20 микроқаржы ұйымының жиынтық активтері 1,43 трлн теңгеге жетті, деп хабарлайды Kursiv.Media. Ұлттық банк деректері нарықтың негізгі бөлігі бірнеше ірі ойыншының қолында шоғырланғанын көрсетеді.
Актив көлемі бойынша бірінші орында «Тойота Файнаншл Сервисез Қазақстан» тұр – 303,2 млрд теңге. Одан кейін MyCar Finance – 188 млрд теңге, «ОнлайнқазФинанс» – 153,8 млрд теңге, «Шинхан Финанс» – 148,4 млрд теңге және TAS Finance Group – 105,7 млрд теңге.

Осы бес ұйымның өзінде 899 млрд теңгеге жуық актив бар. Бұл топ-20-ға кірген компаниялардың жалпы активінің шамамен 63%-ына тең.
Алайда активтің көп болуы жоғары пайдаға кепіл емес. Таза табыс бойынша TAS Finance Group алда – компания 2,88 млрд теңге пайда көрсеткен. MyCar Finance 2,65 млрд теңге, «Тойота Файнаншл Сервисез Қазақстан» 2,65 млрд теңгеге жуық пайда тапқан.
МҚҰ-ларды екінші деңгейлі банктермен шатастырмау керек. Олар несие бере алғанымен, банк секілді халықтан депозит тарта алмайды. Банктер үшін клиенттердің салымы қорландырудың негізгі көздерінің бірі болса, МҚҰ өз капиталына, қарыз қаражатына және басқа қаржыландыру көздеріне сүйенеді.
Сондықтан актив көлемі бойынша рейтинг компанияның сенімділігіне немесе оның өнімдерінің тиімділігіне берілген баға емес. Ол тек Қазақстандағы МҚҰ нарығында қай ұйымдардың қаржы көлемі жағынан ірі екенін көрсетеді.