«Жасыл ипотека» бағдарламасының шарттары қандай

Жарияланды 14 Тамыз 2026 10:13

Үмітжан Бакелекова

Үмітжан Бакелекова

Business news бөлімінің редакторы u.bakelekova@kursiv.media
«Жасыл ипотека» шарттары қандай / Фото: kursiv.media архиві

Қазақстанда қоршаған ортаны қорғау мен экология стандарттарына сай келетін «Жасыл ипотека» бағдарламасы бар. Осы жоба мен «Ұмай» ипотекасын қаржыландыру мақсатында «Отбасы банк» пен «Азия даму банкі» өзара келісімге қол қойып, 90 млрд теңге бөлінген. Бұл бағдарламаға өтімін қабылдау күзге қарай ашылуы мүмкін, деп хабарлайды Kursiv.Media.

«Жасыл ипотека» талаптары қандай

Бағдарлама бойынша 50 млн теңгеге дейін несие беріледі. Ипотека мерзімі – 25 жылға дейін. Бағдарлама шарты бойынша бастапқы жарна 20 пайыздан басталады, яғни банк баспана құнының 80 пайызына дейін қаржыландырса, қалған 20 пайызын заемшы сатушыға өзі аударады.

Бұл бағдарлама аясында дайын бастапқы баспананы, қайталама нарықтағы баспананы, сондай-ақ Қазақстан Тұрғын үй компаниясының кепілдігі бар немесе құрылыс салушы тарапынан ұсынылған сақтандыру құралы пайдаланылған салынып жатқан үйлерді сатып алуға болады.

Басты талап – қарастырылатын барлық баспаналар құрылыстың «жасыл стандартына» сәйкес келуі және OMIR сертификатының күміс, алтын немесе платина деңгейіне, сонымен қатар ГОСТ Р, BREEAM немесе LEED сертификаттарының біріне ие болуы шарт.

Алайда өңірлерді айтпағанда, Алматы мен Астана қалалларында «жасыл стандартқа сай келетін үйлерді табу оңай емес. Мәселен, Алматыда тек екі тұрғын үй кешені OMIR сертификатына ие. Ал Астана қаласында 8 нысан бар. Сонымен қатар, Өскенмен мен Шымкент қаласындағы бір-бір тұрғын үй ғана OMIR сертификатын алған.

Жөндеу жұмысына да қаржы алуға болады

Бұдан бөлек, клиент өзі тұрып жатқан баспанасын жөндеу үшін де несие ала алады. Жөндеуге арналған мұндай заемның ең жоғары сома 15 миллион теңгеге дейін жетсе, банк депозитіндегі бастапқы жарна 0-ден 50 пайызға дейінгі аралықты құрайды және несие беру мерзімі 25 жылға дейін созылады.

Бағдарламаға қатысқысы келетін азаматтар ең алдымен өздерінің төлем қабілеттілігін ойластыруы қажет. Өтінім берушілердің кемінде 6 ай бойы ресми табысы мен зейнетақы аударымдары болуы тиіс.

Банк өтінімді бағалау кезінде отбасының жалпы табысын, жұмыс істейтін адамдар санын, балалар мен асырауындағы адамдар санын және қолданыстағы кредиттік міндеттемелерді есепке алады. Осыған байланысты мүмкіндігінше бұрыннан бар қарызды жауып алған жөн.

2025 жылы қазақстандықтар «Жасыл ипотека» бағдарламасы аясында 14,7 млрд теңгеге 570 несие рәсімдеген.

Сондай-ақ оқыңыз