«Шаршадым»: Баян Алагөзованың кезекті жазбасы желіні шулатты

Жарияланды 17 Тамыз 2026 09:07

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General news бөлімінің журналисі r.mutairov@kursiv.media
фото: видеодан скрин

Продюсер Баян Алагөзова отандық әртістер мен шетелдік жұлдыздарға деген түрлі көзқарасқа қатысты ренішін жеткізді. Оның бұл сөзі әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті, деп жазады Kursiv.Media.

Продюсер өз жазбасында КешYou тобының стадионда өткен ауқымды концертін еске алып, сол кезде ұйымдастырушылардан фейерверк атуға рұқсат ала алмағандарын жеткізді.

«Кешью» концертінде біз салют сұрадық, өтіндік, бірақ бізге үзілді-кесілді рұқсат бермеді. Осылайша өзіміздікілерге келгенде болмайды» деуі өте таңғаларлық әрі ренішті. Ал Каньеге болады…», – деп жазды ол.

Продюсердің мәлімдемесі желіде үлкен пікірталас тудырды. Кейбір желі қолданушылары жергілікті өнерпаздардың құқығын қорғаған продюсерді қолдаса, енді бір тарап шетелдік жұлдыздың деңгейі жоғары екенін айтып, бұл салыстырумен келіспейтіндерін білдірді.

Желідегі сыни пікірлерден кейін Баян Мақсатқызы тағы бір жазба жариялады. Ол қоғамда жергілікті өнерпаздарды бағаламау белең алып бара жатқанын ащы сарказммен жеткізді.

«Болды, тоқтаттым! Айтысудан шаршадым. Канье супер! Бізге салюттің де керегі жоқ, біз «екінші сортпыз» – желідегі пікірлерге қарағанда, бұны көпшілік мойындады. Кішкене демалып алайын, сосын «екінші сортты» әртістерімнің концертін жасауға кірісемін, әрине, салютсіз. Сіздерді Астанада күтемін, билеттер әлдеқайда арзан болады, өзіміздікі ғой! Біздің кәсібилігімізге күмәнданатындар, келмей-ақ қойыңыздар», – деп түйіндеді продюсер.

Продюсер жақын арада Астана қаласында КешYou-дің екінші концертін өткізуге дайындалатынын мәлімдеді. Еске сала кетейік, бұған дейін Алматының Орталық Стадионында КешYou тобы 20 жылдық мерейтойлық концертін өткізген еді.

Сондай-ақ оқыңыз