Халықтың уақытында төлемеген шағын несие қарызы 323 млрд теңгеден асты

Жарияланды 17 Тамыз 2026 16:59

Үмітжан Бакелекова

Үмітжан Бакелекова

Business news бөлімінің редакторы u.bakelekova@kursiv.media
Шағын несие қарызы көбейіп жатыр / Фото: shutterstock

Казақстанда шағын несие алып, оны уақытында қайтара алмай жүрген халықтың қарызы едәуір көбейді. Соңғы деректерге сүйенсек, микроқаржы ұйымдарынан несие алған азаматтардың мерзімі өтіп кеткен берешегі 323 млрд теңгеден асып жығылады, деп жазады Kursiv.Media.

Соның ішінде несие төлеуді бір айға кешіктірген тұтынушылар борышы 127 млрд теңгеден асады.

Жалпы алғанда, еліміздегі микроқаржы ұйымдарының несие қоржыны 1,5 трлн теңгеден асатын болса, соның басым бөлігі – қарапайым халықтың алған қарызы.

Бұл қаржының 1 трлн теңгеден астамын тұрғындар уақытылы төлеп отыр. Дегенмен қарызын үш айдан асырып, мүлдем төлей алмай жүрген азаматтардың проблемалық несиелері де 73 млрд теңгеден асып кетті.

Бұл жағдай қарапайым халық арасында емес, шағын бизнес өкілдерінде де байқалады. Мәселен, микроқаржы ұйымдарынан көмек алған жеке кәсіпкерлердің 36 млрд теңгеден астам, ал заңды тұлғалардың 7 млрд теңгеден астам кешіктірілген қарызы бар.

Қаржылық тәуекелдерді азайту үшін микроқаржы ұйымдары ықтимал шығындарға қарсы арнайы резерв ретінде 262 млрд теңгеден астам қаражат қалыптастырып қойған.

2026 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша Қазақстандағы активі ең үлкен 20 микроқаржы ұйымының жиынтық активі 1,43 трлн теңгеге жеткен, Ұлттық банк деректері нарықтың негізгі бөлігі бірнеше ірі ойыншының қолында шоғырланғанын көрсетеді.

Актив көлемі бойынша бірінші орында «Тойота Файнаншл Сервисез Қазақстан» тұр – 303,2 млрд теңге. Одан кейін MyCar Finance – 188 млрд теңге, «ОнлайнқазФинанс» – 153,8 млрд теңге, «Шинхан Финанс» – 148,4 млрд теңге және TAS Finance Group – 105,7 млрд теңге.

Сондай-ақ оқыңыз