
2009 жылы жарыққа шығып, жастар арасында танымалдыққа ие болған 25 теңге комедиясының екінші бөлімі шығады, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Туынды «25 теңге: Басты миссия» деп аталады.
25 теңге жайдарманшылар шығарған алғашқы толық метражды фильм. Оған «Қазақша КВН» ойындарының бастауында тұрған Есен Елеукеннің ықпалы көп болған. Фильмді режиссер Шапаған Орынбаев таспалап, актер ретінде өзі де түскен. Одан бөлек фильмде әнші Қайрат Түнтеков пен «Көз тимесін» көңілді тапқырлар клубы командасының әзілкештері ойнаған.
Бұл жолғы туындыдағы оқиға үш достың төңірегінде өрбиді. 17 жыл бұрын ұлттық музейге құнды 25 теңгені тапсырған үш дос марапаттау рәсімінде қайта қауышады. Ары қарай түрлі шытырман жағдайларға тап болады.
Екінші бөлімнен Шапағат Орынбеков, Қайрат Түнтеков, Нұркен Иманқұлов сияқты алдыңғы бөлімге түскен актерлермен қатар, Жұлдыз Әбдікәрімова, Ермек Шынболатов, Нұрсұлтан Үсеновті көруге болады
Фильм 1 қазанда үлкен экранға жол тартады.
Бұған дейін, Том Холландтың фильмі жаңа рекорд орнатқанын жазғанбыз.