5 пайыздық ипотека: «Алатау» бағдарламасына өтініш қабылдау басталды

Жарияланды 19 Тамыз 2026 15:48

Үмітжан Бакелекова

Үмітжан Бакелекова

Business news бөлімінің редакторы u.bakelekova@kursiv.media
«Алатау» бағдарламасына өтініш қабылдау басталды Фото: shutterstock

Алматы облысындағы Қонаев қаласының тұрғындары үшін арнайы «Алатау» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламасы ресми түрде басталды. Бұл туралы Kursiv.Media сайты krisha.kz-ке сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Бағдарлама шарты бойынша несие мөлшерлемесі жылына 5 пайызды құрайды. Тұрғындар бастапқы жарна ретінде баспана құнының кемінде 10 пайызын салса жеткілікті.

Ипотека аясында 30 млн теңгеге дейін қарыз беріледі. Бұл қаржыға Қонаев қаласында орналасқан, жаңадан салынған пәтерлерді сатып алуға болады. Биыл бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 3,2 млрд теңге бөлініп, 120-дан астам отбасыны баспанамен қамту жоспарланып отыр.

Осы ипотекаға 18 бен 60 жас аралығындағы Алматы облысының тұрғындары өтініш бере алады. Алайда негізгі талап бойынша қатысушының және оның отбасы мүшелерінің соңғы 24 айда Қазақстан аумағында жеке баспанасы болмауға тиіс.

Сонымен қатар үміткердің кемінде екі жылдық ресми жұмыс өтілі мен зейнетақы аударымдары болуы шарт.

Бағдарлама білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, әлеуметтік сала, энергетика, коммуналдық шаруашылық қызметкерлеріне, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілер мен БАҚ өкілдеріне арналған.

Қабылданған өтініштерді әуелі әкімдік, одан кейін арнайы облыстық комиссия тексереді. Барлық талапқа сай үміткер арнайы балдық жүйе арқылы іріктеледі.

Іріктеуден өткен қатысушылар «Отбасы банкке» жолдама алып, төлем қабілеті мен несие тарихы тексеріледі. Егер табыс көлемі жеткіліксіз болса, екі кепілгерді тартуға мүмкіндік бар.

Бұған дейін Kursiv.Media Қазақстандағы қай банк арзан ипотека ұсынатынын жазған.

Сондай-ақ оқыңыз