
Теңгенің долларға қатысты бағамы жыл басынан бері 9,7%-ға нығайып, оны Еуропа мен Азиядағы ең қарқынды нығайған валюталардың қатарына шығарды. Қазақстан жеке инвесторлары қауымдастығының басшысы Данияр Темірбаевтың жазуынша, бұл құбылыстың басты себебі – шетелдік инвесторлардың carry trade стратегиясын белсенді қолдануы.
Олар валюта бағамдары мен пайыздық мөлшерлеме айырмашылығынан пайда табу мақсатында Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарына (МБҚ) қаржы құйып, сатып алып жатыр.
Financial Times басылымының мәліметінше, жыл басынан бері бейрезиденттердің Қазақстанның мемлекеттік борышына салған инвестициясы екі есе артып, 5 млрд долларға жуықтады. Қазір шетелдік инвесторлардың қазақ мемлекеттік облигациялар нарығындағы үлесі 10%-ға жеткен.
Ал Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының дерегі бойынша, бұл көрсеткіш шілде айының соңында 7,2%-ды құрап, ақшалай мәнде 2,6 трлн теңгені құрады.
Шетелдік инвесторлар неге теңгеге қызықты
Шетелдік капиталдың ағылуына елдегі жоғары пайызды мөлшерлеме тікелей әсер етіп отыр. Қазақстан Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені екі рет төмендеткенімен, ол 16,75% деңгейінде сақталды.
Темірбаевтың пікірінше, жылдық инфляцияның 10,2%-ға дейін баяулауы нақты мөлшерлемені оң мәнде (6,75%) ұстап тұр. Яғни шетелдік инвесторлар осы пайыз айырмашылығынан қомақты пайда көріп отыр.
Валюта бағамы тұрақты кезде бұл шетелдік инвесторларға жақсы табыс алуына мүмкіндік береді.
Carry trade қалай жұмыс істейді
Carry trade – бұл инвесторлардың пайыздық ставкасы төмен елден (мысалы, АҚШ немесе Жапония) арзан ақшаны қарызға алып, оны пайыздық ставкасы жоғары елдің (мысалы, Қазақстан) активтеріне орналастыру стратегиясы. Бұл процесс валюта бағамына тікелей және өте күшті әсер етеді.
Шетелдік инвесторлар Қазақстанның жоғары пайыз беретін облигацияларын сатып алу үшін алдымен өз долларын әкеліп, ішкі нарықта теңге сатып алады. Нарықта теңгеге деген сұраныс күрт өскендіктен, ұлттық валюта бағамы нығайып, доллар арзандайды.
Инвесторлар бұл операциядан Қазақстандағы сыйақы пайызы жоғары болса немесе теңге бағамы тұрақты болса ғана пайда табады. Егер теңге күрт арзандай бастаса, олардың тапқан пайыздық пайдасы валюта айырмашылығынан күйіп кетеді.
Қандай қауіп бар?
Алайда бұдан келетін бірқатар қауіп-қатер бар. Экономикалық жағдай өзгерсе, шетелдік инвесторлар Қазақстанның шағын валюта нарығынан тез кетіп, бірден доллар сатып ала бастауы мүмкін.
Валюта нарығында долларға сұраныс бір сәтте шарықтап, теңге бағамының жылдам әрі күрт құлдырауына алып келеді.
Бұл жағдай теңге бағамына қысым түсіріп, Ұлттық банктің еркін бақылау саясатына сынақ болмақ.
Қор биржасында 19 тамыздағы сауда-саттықта доллар бағамы 460 теңгеге дейін арзандады.