Экономиканы ауыл шаруашылығы алға сүйрейді: үш жылда жалпы ішкі өнім қандай болмақ

Жарияланды 25 Тамыз 2026 10:47

Үмітжан Бакелекова

Үмітжан Бакелекова

Business news бөлімінің редакторы u.bakelekova@kursiv.media
Фото: kursiv.media, бильд-редактор Серікжан Қобланбаев

2027-2029 жылдары ел экономикасын ауыл шарруашылығы алға сүйремек. Үкімет алдағы үш жылда агроөнеркәсіп саласына басымдық беруді жоспарлап отыр. Бұл туралы үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді.

Мұнайдан бас тарта ала ма?

2027-2029 жылдарға арналған базалық болжамға сәйкес, Қазақстанның жалпы ішкі өнімі жылына 5 пайыздан жоғары болмақ. Бұл ретте экономиканың ауқымын айқындайтын номиналды жалпы ішкі өнім 2027 жылғы 199,3 трлн теңгеден 2029 жылы 245 трлн теңгеге дейін өседі.

Жұманғариннің айтуынша, басты қозғаушы күші – мұнайдан тыс секторлардың жандануы болмақ.

Әсіресе өңдеу өнеркәсібі өзінің даму жылдамдығы жағынан тау-кен өндірісінен озып шығып, экономиканың негізгі тірегіне айналады. Бұл саладағы өрлеуге металлургия, машина жасау, құрылыс материалдарын өндіру, сондай-ақ химия және тамақ өнеркәсібі қомақты үлес қосады.

Мұнымен қоса, жыл сайын кемінде 5 пайыздық қарқынмен дамитын ауыл шаруашылығы да ел экономикасының ажырамас драйвері ретінде айшықтала түспек.

Сонымен бірге көліктік-логистикалық, энергетикалық және су инфрақұрылымын дамыту, сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық және әлеуметтік нысандарды жаңғырту жобалары құрылыс саласына үлкен серпін береді.

Осының арқасында құрылыс секторындағы өсім 2027 жылғы 16 пайыздан 2029 жылы 17,3 пайызға дейін көтеріледі. Қызмет көрсету саласы да өз кезегінде тұрақты серпінін жоғалтпайды: сауда жылына орта есеппен 5,7 пайызға, көлік пен қоймалау 10,4 пайызға, ал ақпарат пен байланыс 9,2 пайызға өседі.

Инфляция қанша пайызды құрайды

Сыртқы саудада оң сауда балансы толық сақталады. Ел экспорты 2027 жылғы 82,8 млрд АҚШ долларынан 2029 жылы 88,5 млрд долларға дейін ұлғайса, импорт көлемі 80,5 миллиардтан 88,4 млрд долларға дейінгі межені құрайды.

Осы кезеңде баға тұрақтылығын қамтамасыз ететін инфляция дәлізі 2027 жылы 7,5–9,5 пайыз аралығында белгіленсе, 2028-2029 жылдары 6-8 пайыз деңгейіне дейін бәсеңдейді.

Бюджеттің шығыны кірісінен асып тұр

Макроэкономикалық болжамға сай, республикалық бюджеттің кірістері 2027 жылы- 19,9 трлн теңгені, 2028 жылы 21,7 трлн теңгені, ал 2029 жылы 23,4 трлн теңгені құрайды.

Ал бюджет шығыстары 2027 жылы – 30,2 трлн, 2028 жылы – 29,4 трлн, 2029 жылы 29,6 трлн теңге көлемінде жоспарланған.

Бюджет ережесіне сәйкес, Ұлттық қордан бөлінетін кепілдендірілген трансферт Бюджет ережесіне сәйкес 2027-2028 жылдары 2,4 трлн теңгеден, ал 2029 жылы 2 трлн теңгеден айқындалды.

Сонымен қатар стратегиялық маңызы бар ірі жобаларды қаржыландыру үшін Ұлттық қордан 2027 жылы 2 трлн теңге, ал 2028-2029 жылдары жыл сайын 1,5 трлн теңгеден нысаналы трансферт бөлінеді.

Бұған дейінгі бюджет жоспарында қазынаның шығыны біршама аз болған.

Сондай-ақ оқыңыз