Үкімет KASE арқылы 160 млрд теңгеге дейін қарыз алмақ

Жарияланды 25 Тамыз 2026 10:51

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Business news бөлімінің аға журналисі nursultankaseke@gmail.com
Үкімет қарыз тартпақ / фото: Нұрсұлтан Ерболатұлы

Қазақстан Қаржы министрлігі 25 тамызда KASE арқылы 160 млрд теңгеге дейін қарыз тартуды жоспарлап отыр. Бұл үшін мемлекеттік бағалы қағаздардың үш шығарылымы бойынша қайталама орналастыру өткізіледі.

Ең ірі шығарылым бойынша министрлік 60 млрд теңге тартпақ. Бұл облигациялардың өтеуге дейінгі мерзімі шамамен 3,7 жыл. Оның купоны тұрақты емес: мөлшерлеме TONIA TCI + 1,02% формуласы бойынша есептеледі. Яғни мемлекет төлейтін сыйақы ақша нарығындағы мөлшерлемеге қарай өзгеріп отырады.

Қалған екі шығарылымның әрқайсысы 50 млрд теңгеден.

Біріншісінің өтеуге дейінгі мерзімі 5,4 жыл, купондық мөлшерлемесі – 15,18%. Екіншісі шамамен 11,7 жылға шығарылған, купоны – 14,10%.

Осылайша, үш аукцион бойынша жарияланған жалпы көлем 160 млрд теңгеге жетеді.

Инвесторлардың өтінімдері 25 тамызда сағат 09:00-ден 12:00-ге дейін қабылданады, ал кесім уақыты 15:00-ге белгіленген. Мәмілелер бойынша есеп айырысу 27 тамызда, T+2 режимімен жүргізіледі.

Айта кетейік, 160 млрд теңге – Қаржы министрлігі орналастыруды жоспарлап отырған ең жоғары жарияланған көлем. Нақты қанша қаражат тартылатыны және облигациялардың нарықтық кірістілігі аукцион қорытындысы шыққаннан кейін белгілі болады.

Сондай-ақ оқыңыз