Актер Нұрсұлтан Жақсыген 3 жылға сотталуы мүмкін

Жарияланды 25 Тамыз 2026 11:01

Айгерім Таубай

Айгерім Таубай

General news бөлімінің аға журналисі a.taubay@kursiv.media
Нұрсұлтан Жақсыгеннің бұрынғы жұбайы «қоғамнан әділдік сұрады» / Фото: ашық дереккөз, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Алматы облысы Қарасай ауданы сотында актер Нұрсұлтан Жақсыгенге қатысты сот басталып жатыр. Оған қылмыстық кодекстің 274-бабы 2-бөлігі 3-тармағы негізінде іс қозғалған. Бұл бапта «онлайн-платформаларды пайдаланып көрінеу жалған ақпарат тарату» әрекеті көрсетілген.

Нұрсұлтан Жақсыгеннің қылмыс жасағаны дәлелденсе, актер 3 000 АЕК-ке (12 975 000 теңге) дейінгі мөлшерде айыппұл төлейді не 800 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмысқа тартылады. Сондай-ақ сот 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырып не осынша мерзімге бас бостандығын шектеуі мүмкін.

Қазір актер үйқамақта отыр. Бұған дейінгі сот отырысында Жақсыгеннің адвокаты «үйқамақ» түріндегі бұлтартпау шарасын «ешқайда кетпеу туралы қолхатқа» ауыстыруды сұрады. Алайда қылмыстық істі қарап жатқан судья Шолпанқұлова бұл өтінішхатты қабылдамады.

Айта кетейік, Нұрсұлтан Жақсыген бұрынғы жұбайы Фариза Сабыралиевамен соттасып жатыр. Бұған дейін Сабыралиева видео жариялап, біраз уақыт бойы өзі туралы шындыққа жанаспайтын және абыройына нұқсан келтіретін ақпарат таратылғанын айтты.

Оның сөзінше, қылмыстық іс аясында Жақсыген кешірім сұраған, алайда жәбірленуші кешірімді қабылдамай, бұрынғы күйеуін сотқа берген. 

Сондай-ақ оқыңыз