
Алматы облысы сотында актер Нұрсұлтан Жақсыгенге қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр. Актердің өзі сот ғимаратында журналист Руслан Өтепбайға іске қатысты пікір білдірген.
Айтуынша, әлеуметтік желіде бұрынғы әйелінің ар-намысына нұқсан келтіретін пікірлер жазбаған.
«Қазір түрлі жалған парақшалар бар. Солардың атынан жазылған. (Қандай сөзді жалған деп саралап отырсыз?). «Боди массаж жасайды» дегенді мен жазған жоқпын», – деп жауап берген актер.
Журналист «келіншегіңіз бен қайын жұртыңызды сығанға баладыңыз. Мұны жазған сіз ба?» деп сұрады.
«Оны басқа біреулер жазған. Өзім балаларды көрсету туралы жазғам. Нұрсұлтан Жақсыген деп кез келген адам аккаунт ашып ала салады. Тиктокта жалған 10 аккаунт бар. Менің нөмірімді бұзып, осыларды жазған», – дейді Нұрсұлтан Жақсыген.
Айта кетейік, Нұрсұлтан Жақсыгеннің қылмыс жасағаны дәлелденсе, актер 3 000 АЕК-ке (12 975 000 теңге) дейінгі мөлшерде айыппұл төлейді не 800 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмысқа тартылады. Сондай-ақ сот 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырып не осынша мерзімге бас бостандығын шектеуі мүмкін.
Бұған дейін Сабыралиева видео жариялап, біраз уақыт бойы өзі туралы шындыққа жанаспайтын және абыройына нұқсан келтіретін ақпарат таратылғанын айтты. Әйелдің сөзінше, қылмыстық іс аясында Жақсыген кешірім сұраған, алайда жәбірленуші кешірімді қабылдамай, бұрынғы күйеуін сотқа берген.