Санкцияға ілікпеген: Қазақстан зауыты Ресей мұнайын өңдейді

Жарияланды 25 Тамыз 2026 16:10

Үмітжан Бакелекова

Үмітжан Бакелекова

Business news бөлімінің редакторы u.bakelekova@kursiv.media
Ресеймен байланысы бар зауыт көрші елдің мұнайын өңдейді / Фото: shutterstock.

Батыс Қазақстан облысында орналасқан «Конденсат» мұнай өңдеу зауыты Ресей шикізатын өңдеуге келіскен кәсіпорын. Өндірген бензин мен дизель отынының 70 пайызға жуығы Ресейге экспортталады. Ал қалған 30 пайызы ішкі нарықты қамтамасыз ету үшін Қазақстанда қалады. Бұл туралы брифинг барысында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, зауытта Ресей мұнайын өңдеу туралы ресми өтініш РФ Энергетика министрлігінен түскен. Бұл келісім қос тарапқа да тиімді көрінеді.

«Конденсат» зауыты әу баста Қарашығанақ кен орнының газ конденсатын өңдеп, аймақты отынмен қамту үшін салынған. Кейін кен орнын шетелдік консорциум басқарғанда, шикізат бағасына келіспей, зауыт ұзақ уақыт бос тұрды.

2017 жылы кәсіпорын жаңғыртылып, өңдеу мүмкіндігін жылына 650 мыңнан 850 мың тоннаға дейін жеткізді. Ал 2024 жылы зауыт «Татнефть» құрамындағы «Танеко» компаниясынан шикізат алуға келісті. Ақпаратқа сәйкес, кәсіпорынның 50 пайыздық үлесі ресейлік компанияға тиесілі.

Санкция қаупі бар ма?

Энергетика министрлігі бұл схемадан ешқандай санкция қаупін көріп отырған жоқ. Зауыт та, оның иелері де халықаралық санкция тізімдеріне енбеген. Сондықтан отын жеткізу халықаралық құқыққа толық сай әрі заңды түрде жүзеге асады.

Бұған дейін Reuters агенттігі Ресей отын тапшылығын азайту үшін Қазақстаннан 50 мың тонна АИ-92 бензинін импорттау мүмкіндігін қарастырып отырғанын жазған. Дегенмен Энергетика министрлігі ресми түрде мұндай сұраныс түспегенін хабарлады. Сонымен қатар, Қырғызстан мен Моңғолия да отын тапшылығына байланысты Қазақстаннан жанар-жағармай жеткізуді сұраған.

Жалпы, Қазақстан алдағы уақытта мұнай өңдеуді 2 есеге ұлғайтуды көздейді. Қазір елде жылына өндірілетін 100 млн тонна мұнайдың 19 млн тоннасы ғана өңделеді. 2033 жылға қарай бұл көрсеткішті 40 млн тоннаға жеткізіп, сапалы отын экспортын арттыру жоспарланған.

Сондай-ақ оқыңыз