
Алатау қаласында жылжымайтын мүлік, инфрақұрылым және басқа нақты активтерді цифрлық токенге айналдыруға негізделген жаңа инвестициялық модель іске қосылмақ. Үкіметтің мәліметінше, алғашқы токенизация жобалары 2026 жылдың соңына дейін іске қосылып, олардың жалпы көлемі $10 млн-ға дейін жетуі мүмкін.
Активті токенге айналдыру деген не?
Алатау үшін Ұлттық банкпен бірлесіп Tokenization by Default тұжырымдамасы дайындалған. Қарапайым тілмен айтқанда, идея нақты экономикадағы активтер мен инфрақұрылымды цифрлық ортаға көшіруге негізделеді.
Мысалы, құны 1 млрд теңге болатын ғимарат бар делік. Оны 100 мың цифрлық токенге бөлуге болады. Сонда әр токен сол активтің белгілі бір үлесін білдіреді. Инвестор бүкіл ғимаратты сатып алмай-ақ, оның кішкентай бөлігін иелене алады.
Жобаға қызығушылық қазірдің өзінде бар. Токенизация жобаларына қатысуға ниет білдірген 43 қазақстандық және халықаралық компания анықталған.
Алатауда $6,9 млрд инвестициялық жоба жиналды
Токенизация Alatau Crypto City жобасының бір бөлігі ретінде дамытылып жатыр. Қазір Алатау қаласының инвестициялық пулында жалпы құны шамамен $6,9 млрд болатын 67 жоба бар. Олар іске асса, 55 мыңға жуық жұмыс орны ашылуы мүмкін.
Олардың арасында PepsiCo мен Sunny Paper жобалары іске асырылып жатыр. Mars Petcare KZ, Griffin Logopark, «ДанаФлекс» және G-Trans Service өндірістік және логистикалық жобалары бойынша да жұмыстар басталған.
Мұндағы $6,9 млрд-тың бәрі токенизацияланады деген сөз емес. Үкімет әзірге 2026 жылдың соңына дейін іске қосылатын алғашқы токенизация жобаларының көлемін $10 млн-ға дейін деп көрсетіп отыр.
Егер пилоттық жобалар сәтті іске асса, Алатау нақты активтерді цифрлық формат арқылы инвестицияға шығаруды сынайтын Қазақстандағы негізгі алаңдардың біріне айналуы мүмкін.