
Астанадағы «Әзірет Сұлтан» мешітінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) ұйымдастырған ІI республикалық «Үздік имам» интеллектуалды білім сайысы мәресіне жетті, деп хабарлайды Кursiv.Media.
Салтанатты марапаттау шарасына ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы қатысып, қатысушыларға өз игі тілегін білдірді.
Бас мүфти өз сөзінде бұл доданың басты мақсаты – дін қызметкерлерінің біліктілігін арттыру және өзара тәжірибе алмасу екенін ерекше атап өтті.
«Сіздер бұл додаға білімдеріңізді шыңдау, кәсіби деңгейлеріңізді көтеру мақсатында келдіңіздер. Сондықтан бұл жарысқа қатысқан әрбір имамды жеңімпаз деп санауға болады. Исламда білімнің орны қашанда бөлек. Құрандағы «Раббым, білімімді арттыр!» деген аят мұсылман баласының өмір бойы ізденуі керектігін меңзейді», – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Сайыс қорытындысы бойынша әділқазылар шешімімен үздік шыққан жұртшылық өкілдері:
- I орын (500 000 теңге): Әділхан Оразов – Астана қаласы, «Нұрсұлтан» мешітінің наиб имамы.
- II орын (300 000 теңге): Нұрдаулет Нәби – Қызылорда облысы, Қазалы аудандық «Жанқожа батыр» мешітінің бас имамы.
- III орын (200 000 теңге): Қуаныш Сайдолла – Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласы, Теңге ауылындағы «Қосай ата» мешітінің наиб имамы.
Бұдан бөлек, интеллектуалды бәйгеге қатысып, бағын сынаған өзге де имамдарға 50 000 теңге көлемінде қаржылай ынталандыру сыйлықтары табысталды.
Айта кетейік, алғаш рет 2025 жылғы желтоқсанда ұйымдастырылған «Үздік имам» сайысында Өскемен қалалық орталық мешітінің наиб имамы Бекзат Құсанбаев бас жүлде алған.