
Уран бағасы қайтадан $90-нан асып, нарықтағы атом секторына қызығушылықты күшейтті. Бұл қозғалыс «Қазатомөнеркәсіп» акцияларынан да байқалып отыр: KZAP соңғы бірнеше күнде шамамен 5%-ға қымбаттады.
Акция бірнеше күнде 31,9 мыңнан 33,5 мың теңгеге көтерілді
21 тамызда KASE-де «Қазатомөнеркәсіп» акциясы 31 884,88 теңгемен жабылған. 24 тамызда қағаз бір күнде 3,34% өсіп, 32 950 теңгеге жетті.
26 тамызда өсім жалғасып, акция 1,6% қымбаттап, 33 239 теңгемен жабылды. Ал 27 тамызда сағат 11:49-дағы жағдай бойынша KZAP 33 477 теңгеге жетіп, тағы 0,73% өсіп отыр. Күн ішіндегі ең жоғары баға 33 640 теңге болған.
Осылайша, 21 тамыздағы 31 884,88 теңгеден қазіргі 33 477 теңгеге дейін акция бағасы шамамен 5% көтерілген.
Дегенмен қағаз әлі биылғы жоғары деңгейлеріне толық оралған жоқ. Мәселен, 12 тамызда KZAP шамамен 33 999 теңге, ал соңғы 52 аптадағы ең жоғары мәміле бағасы 45 493 теңге болған.
Айта кетейік, серсенбінің қорытындысы бойынша KASE-де он акцияның тоғызы қымбаттады.