Алматыда танымал фильмдердің операторларымен ашық кездесу өтеді

Жарияланды 1 Қыркүйек 2026 18:25

Ақниет Төленді

Ақниет Төленді

General news бөлімінің журналисі a.tolendi@kursiv.media

21 қыркүйекте Алматыда XI Baiqonyr Film Festival аясында қазақстандық алты қоюшы оператордың қатысуымен ашық кездесу өтеді.

«Сөзбен жеткізе алмағанды кадр арқылы қалай көрсетуге болады?» тақырыбындағы кездесуге «Қаш», «Дәстүр», «Дос-Мұқасан», «Ұлболсын», «Степной волк», «Жёлтая кошка» және басқа фильмдерде жұмыс істеген Еркінбек Птыралиев, Азиз Жамбакиев, Азамат Дулатов, Айдар Оспанов, Сабит Семетаев және Нұрсұлтан Базарбай қатысады. Кездесуді кинотанушы, зерттеуші әрі оқытушы Гаухар Аспандиярқызы жүргізеді.

Кездесуде оператордың кино түсірудегі рөлі, авторлық қолтаңбасы, режиссермен шығармашылық байланысы және фильмнің визуалды тілінің қалыптасуы талқыланады. Сондай-ақ жарық, түс, композиция, кеңістік пен камера қозғалысының фильм мазмұнына әсері, цифрлық технологиялардың оператор кәсібін өзгертуі және қазіргі қазақ киносының бейнелеу мәнері сөз болады.

Гаухар Аспандиярқызының айтуынша, кездесудің мақсаты — көбіне кадр сыртында қалатын операторларға өз жұмысы мен кәсіби тәжірибесі туралы көрерменге тікелей айтуға мүмкіндік беру.

Операторлардың арасында халықаралық марапат иегерлері де бар. Еркінбек Птыралиев «Степной волк» фильмі үшін «Тұлпар» ұлттық киножүлдесі мен «Сыншылар таңдауы» сыйлығын алған. Азиз Жамбакиев Эмир Байғазиннің «Уроки гармонии» фильмі үшін Берлин халықаралық кинофестивалінің «Күміс аю» жүлдесіне ие болды. Ал Азамат Дулатов «Қаш» фильмі үшін Asia Pacific Screen Awards сыйлығының үздік операторлық жұмыс санатында жеңімпаз атанған.

Кездесуде спикерлер жеке баяндама жасамай, ортақ әңгіме барысында тәжірибелерімен бөліседі. Іс-шараның екінші бөлімінде көрермендер операторларға тікелей сұрақ қоя алады.

Кездесу 21 қыркүйекте сағат 11:00–13:00 аралығында өтеді. Билет құны — 1200 теңге. Билеттер Ticketon.kz сайты арқылы сатылады.

Сондай-ақ оқыңыз