Bereke Bank екі күнде 200 млрд теңге тартпақ

Жарияланды 3 Қыркүйек 2026 10:55

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Business news бөлімінің аға журналисі nursultankaseke@gmail.com
фото: банктің баспасөз орталығы

Bereke Bank қарыз нарығына қатарынан үш облигациялық шығарылым ұсынды. Банк 2 қыркүйекте KASE арқылы 100 млрд теңге тартса, 3 қыркүйекте тағы 100 млрд теңгенің облигациясын орналастырмақ деп хабарлайды Kursiv.Media.

Бір күнде 100 млрд теңге тартты

2 қыркүйекте Bereke Bank екі облигациялық шығарылымның әрқайсысы арқылы 50 млрд теңгеден тартты. Осылайша, банктің бір күнде алған қаражаты 100 млрд теңгеге жетті.

Бірінші шығарылымның айналым мерзімі тоғыз айға белгіленген. Оның купондық мөлшерлемесі Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесіне 0,4 пайыздық тармақ қосу арқылы есептеледі.

Екінші шығарылым 1 жыл 9 айға арналған. Бұл облигацияның купондық мөлшерлемесі базалық мөлшерлемеге 0,45 пайыздық тармақ қосу арқылы анықталады.

Қазіргі базалық мөлшерлеме 16,75% болғандықтан, бірінші облигацияның купоны жылдық 17,15%, ал екіншісінікі 17,2% деңгейінде қалыптасты.

Тағы 100 млрд теңге ұсынды

3 қыркүйекте Bereke Bank үшінші шығарылымын нарыққа ұсынды. Оның номиналды көлемі 100 млрд теңгені құрайды.

Облигациялар 2 жыл 3 айға орналастырылады. Купондық мөлшерлеме Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесіне 0,5 пайыздық тармақ қосу арқылы есептеледі.

Қазіргі базалық мөлшерлеме сақталса, инвесторларға төленетін сыйақы жылдық 17,25% болады. Купондық сыйақы жылына екі рет төленеді.

Бұған дейін де 100 млрд теңгеден тартқан

Bereke Bank үшін мұндай көлемдегі облигациялық қарыз жаңалық емес. Банк 2023 жылғы қыркүйекте KASE арқылы 100 млрд теңге тартқан.

2026 жылғы 27 тамызда Bereke Bank бұрын шығарылған облигациялары бойынша 100 млрд теңге негізгі қарызды өтеді. Соңғы купонды қосқанда, инвесторларға жалпы 108,5 млрд теңге төленді.

Bereke Bank-тің жалғыз акционері – Катардың Lesha Bank LLC (Public) банкі. Катарлық қаржы ұйымы 2024 жылғы 8 қазанда Bereke Bank акцияларының 100%-ын «Бәйтерек» холдингінен 65 млрд теңгеге сатып алды

Сондай-ақ оқыңыз