
VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында қырғыз жігіттері асық атудан АҚШ құрамасы атынан өнер көрсетіп жүр. Мұны Қырғызстанның Чолпон-Ата қаласы маңындағы Қыршын шатқалында жүргенде байқадық. Бір топ ер адам «USA tea» деген киіммен жүргенін көзіміз шалды.
Сөздерінше, Америка құрама штаттарында біраз жылдан бері тұратын қырғыздар Наурыз бен Қырғызстанның тәуелсіздік күнінде жиналып, асық ойнайды. Көшпенділер ойындары Қырғызстанда өтетін естіген соң қатысу үшін АҚШ атынан өтінім берген.
«Асық атуға қатысып жатқандардың бәрі дерлік АҚШ азаматтығын алып, сол елде біраз жылдан бері тұрып жатқан қырғыздар», – дейді бізбен әңгімелескен қатысушы.
Әңгіме барысында «Қырғызстан мен АҚШ құрамасы финалда кездесіп қалса не істейсіздер?» деп сұрадық.
«Мұндай жағдай болса, әрине, барымызды салып, жеңуге тырысамыз», – дейді ол күліп.
Айта кетейік, асық атуға барлығы 13 елден 115 спортшы қатысып жатыр. Бірінші күннің нәтижесі мынадай:
- Қазақстан 24:0 Малайзия
- Қырғызстан 66:3 Чехия
- АҚШ 28:4 Пәкістан
- Чехия 5:5 Хорватия
- Түркия 16:6 Моңғолия
- Қырғызстан 94:9 Испания
- Қазақстан 16:0 Моңғолия.
Асық атудан жарыс 5 қыркүйекке дейін жалғасады.