
АҚШ пен Қытай геосаяси текетіресті Жер орбитасына ауыстырып, ғарыштағы соғысқа дайындалып жатыр, деп жазады Reuters басылымы.
АҚШ әскери сарапшыларының бақылауынша, Қытайдың құпия ұшқышсыз ғарыш кемесі орбитаға кішігірім спутник шығарып, өзге аппараттарды айнала қозғалған.
Мұндай құпия ғарыш кемелерін АҚШ та белсенді пайдаланып келеді. Бүгінде екі мемлекет те қарсыластың спутниктерін бұғаттау, ұстап алу немесе жоюға қауқарлы технологияларды дамытып жатыр.
Мамандардың айтуынша, заманауи соғыстарда спутниктер ақпарат тарату құралынан бөлек, дербес қару жүйесіне айналды.
Бейжің мен Вашингтон ғарышта лазерлік, электромагниттік және ұстап алғыш қару түрлерін сынақтан өткізіп келеді.
Қытайлық зерттеушілер басқа ғарыш аппараттарын арнайы торлармен ұстап алатын және орбитада отын толтыра алатын «аңшы» спутниктерді әзірлесе, АҚШ пен Ұлыбритания Қытайдың барлау спутнигіне жақын маңда алғашқы бірлескен әскери ғарыш операциясын өткізді.
Орбитадағы бәсеке тек әскери емес, коммерциялық салада да ушығып жатыр. SpaceX қазірдің өзінде 11 мыңға жуық Starlink спутнигін басқарады және ғарышта ЖИ-орталықтар салмақ. Оған жауап ретінде АҚШ президенті Дональд Трамп ғарыштық ракетаға қарсы «Алтын күмбез» (Golden Dome) бағдарламасын іске қосуды көздеп отыр.
Ғарыш инфрақұрылымнан айырылу – Жер бетіндегі барлау, зымыранға қарсы қорғаныс пен әскери байланыс жүйелеріне кедергі келтіреді. Осыны түсінген қос держава геосаяси үстемдік үшін күресті жаңа деңгейге шығарды.