
Желіде Damelya Sweet есімімен танымал блогер Дәмелі Бектұрсынованың үйлену тойы Алматының ең қымбат мейрамханаларының бірінде сән-салтанатпен өтті, деп хабарлайды Kursiv.Media. Жеке өміріндегі өзгерістерге байланысты біраз уақыт әлеуметтік желіден алыстап, оқырмандарын сағындырған бойжеткен Шымкентте өткен ұзату тойынан кейін, Алматыдағы үйлену тойда бір-ақ төбе көрсетті.
Дәмелінің жары – шетелде білім алған Мұрат есімді азамат. Екі жастың қуанышын бөлісуге елдің белгілі кәсіпкерлері, саясаткерлер мен шенділер жиналды. Меймандардың арасында танымал меценат Кенес Рақышев пен жұбайы Әсел Тасмағамбетова да бой көрсетті.
Кештің музыкалық бағдарламасы да ерекше деңгейде ұйымдастырылған. Сахнада «А’Студио» мен «Дос-Мұқасан» топтары ән шырқап, әлемге танымал әнші Димаш Құдайберген өзінің қайталанбас дауысымен қонақтарға ерекше көңіл-күй сыйлады.