
Оқу жылы басталғалы ірі қалалардағы қоғамдық көліктерде адам қарасы қайта көбейді. Қарбалас уақытта автобус пен метрода адам көптігі сонша, қозғалу да қиындайды. Мұндай жағдайда адамның денсаулығы түрлі себеппен нашарлауы мүмкін. Оған аптап ыстық, ауаның жетіспеуі, тіпті кенеттен жүрек талмасы себеп болуы ықтимал.
Сондықтан мұндай жағдайға алдын ала дайын болған жөн. «Хороший Доктор» клиникасының кардиологы Қарлығаш Хахазова адам көп жерде жағдайы нашарлаған адамға алғашқы көмек көрсету жолдарын түсіндірді. Есінен тану, құрысу және кеуде тұсы ауырған кезде не істеу керегін айтып берді, деп жазады Kursiv.Media.
Негізгі ереже
Кардиологтың айтуынша, ең алдымен адамға мүмкіндігінше бос кеңістік жасау керек. Егер адам лық толы автобуста, метро вагонында немесе басқа да адам көп жерде өзін нашар сезінсе, бірінші кезекте оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тырысқан жөн.
Адамның айналасындағы кеңістікті босату оның жағдайын бағалап, қажетті көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Осы арқылы оның есін білген-білмегенін, тыныс алып жатқанын және қандай көмек қажет екенін анықтауға болады.
Адам есін білсе…
Адамды тік тұрғызып, көпшілікпен бірге әрі қарай жүруге мәжбүрлемеген жөн.
«Адам қатты әлсіздік, бас айналу, талып қалу, көзінің қарауытуы, ентігу немесе кеуде тұсының ауырғанын айтса, оған қауіпсіз қалыпқа келуге көмектесу қажет. Егер адам талып қалатындай жағдайда болса, мүмкіндік болса, оны жатқызған дұрыс», – деп түсіндірді дәрігер.
Адамды ығы-жығы көп жерден қауіпсіз жерге шығарып, жатқызу керек. Одан кейін оның жағдайын бақылауды жалғастырған жөн.
Адам есінен танып, тынысы қалыпты болмаса
Ең алдымен адамның дауысыңызға реакция білдіретін-білдірмейтінін және қалыпты тыныс алып жатқанын тексеріңіз.
Тынысын дұрыс бағалау өте маңызды. Ес-түссіз адамның сирек немесе әдеттен тыс, қиналып дем алуы қалыпты тыныс деп саналмайды. Бұл қан айналымының тоқтағанын білдіруі мүмкін.

Мұндай жағдайда дереу 103 нөміріне жедел жәрдем шақырып, жүрек-өкпе реанимациясын бастаңыз. Кардиолог кеуде тұсын минутына 100–120 рет басуды ұсынады. Қысымды төстің төменгі жартысына түсіріп, жеткілікті тереңдікте және мүмкіндігінше үзіліссіз жасау қажет.
Егер адам жасанды тыныс алдыруды білмесе, жедел жәрдем келгенше кеуде тұсын үздіксіз басуға болады.
Адам ес-түссіз, бірақ қалыпты тыныс алса
Мұндай жағдайда жүрек-өкпе реанимациясын бастаудың қажеті жоқ. Бірақ адамды жалғыз қалдыруға болмайды.
Оның тынысын бақылап, тыныс жолдарының ашық болуын қамтамасыз ету қажет. Егер жарақат алғанына күмән болмаса, адамды қырымен жатқызып, қауіпсіз қалыпқа келтіруге болады.
«Адам есінен танып қалғаннан кейін оны бірден отырғызуға немесе тұрғызуға болмайды. Бұл оның қайтадан есінен тануына әкелуі мүмкін», – деп ескертеді кардиолог.
Сондықтан есінен танып қалған адамға өз-өзіне келуі үшін уақыт беріп, жағдайын бақылауды жалғастырған жөн.
Құрысу ұстамасы басталса
Мұндай жағдайда ең бастысы – адамды жарақаттан қорғау. Оның айналасындағы кеңістікті босатып, қатты әрі қауіпті заттарды алыстату керек. Бас жағына жұмсақ зат қойған дұрыс.
«Адамды күшпен ұстап тұруға, жақ сүйегін ашуға немесе аузына саусақ, қасық, мата және басқа заттарды салуға болмайды. Ұстаманың қанша уақытқа созылғанын бақылау маңызды», – деп түсіндірді дәрігер.
Құрысу тоқтағаннан кейін адамның есін және тынысын тексеру қажет. Егер ол әлі ес-түссіз, бірақ қалыпты тыныс алып жатса, қырымен жатқызып, жедел жәрдем келгенше тынысын бақылауды жалғастырған жөн.
Егер қалыпты тынысы болмаса, дереу жүрек-өкпе реанимациясын бастау керек.
«Құрысу тәрізді қимылдар қан айналымы тоқтаған алғашқы секундтарда да болуы мүмкін. Сондықтан құрысудың болуы жүректің тоқтағанын жоққа шығармайды», – деп ескертеді Қарлығаш Хахазова.
Әсіресе құрысу алғаш рет байқалса, бес минуттан ұзаққа созылса, адам жарақат алса, ұзақ уақыт есін жимаса немесе ұстамадан кейін тыныс алуы, сөйлеуі не аяқ-қолының қимылы бұзылса, жедел жәрдем шақыру қажет.
Кеуде тұсы ауырып немесе қысса
Кеуде тұсының кенеттен ауыруы, қысуы, жаншуы немесе күйдіруі жедел коронарлық синдромның белгісі болуы мүмкін. Оған миокард инфарктісі де жатады.
Әсіресе ентігу, суық тер шығу, жүрек айну, қатты әлсіздік байқалса немесе ауырсыну қолға, иыққа, арқаға, мойынға не төменгі жаққа тараса, мұны елемеуге болмайды.
«Мұндай жағдайда дереу жедел жәрдем шақыру қажет. Дәрігерлер келгенше науқастың қимыл-қозғалысын шектеп, өзіне ыңғайлы қалыпқа келтіру керек. Сондай-ақ оның есі мен тынысын бақылау маңызды», – деп кеңес береді дәрігер.
Инфаркт болуы мүмкін деген күдік болса, адамды ауруханаға өз көлігімен апармаған жөн. Оның жағдайы күрт нашарлап, реанимациялық көмек қажет болуы мүмкін.
Өзгенің дәрісін бермеңіз
«Адамға өзіңіз білмейтін немесе басқа адамға тиесілі дәрі-дәрмекті, соның ішінде қан қысымын төмендететін препараттар мен нитроглицеринді беруге болмайды», – дейді Қарлығаш Хахазова.
Егер адам есін біліп тұрса және дәрігер бұрын өзіне арнайы тағайындаған дәрісі болса, оны қабылдауына көмектесуге болады.
Барлығын ыстық пен күйзеліске жаба салмаңыз
Адамның жағдайын жеңіл қабылдауға болмайды. Лық толы автобуста немесе метро вагонында адамның өзін нашар сезінуіне міндетті түрде ыстық, ауа жетіспеуі немесе күйзеліс себеп болды деуге болмайды.
«Естен тану, қатты ентігу, кеуде тұсының ауыруы, сөйлеудің бұзылуы, аяқ-қолдың кенеттен әлсіреуі, құрысу немесе қалыпты тыныстың болмауы – өмірге қауіп төндіретін жағдайдың белгісі болуы мүмкін. Мұндай жағдайда дереу медициналық көмек қажет», – деп атап өтті кардиолог.
Сондықтан мұндай жағдайда ең бастысы – диагнозды өз бетіңізше анықтауға тырыспай, қауіпті белгілерді ерте байқап, 103 нөміріне қоңырау шалу және дәрігерлер келгенше қажетті алғашқы көмекті көрсету.
«Алғашқы көмектің негізгі қағидасы – қауіпті белгілерді мүмкіндігінше ерте анықтап, жедел медициналық көмек шақыру және мамандар келгенше адамның өмірлік маңызды функцияларын қолдау», – деп қорытындылады дәрігер.