Алматыда Асанәлі Әшімовтің бейітіне ескерткіш орнатылды

Жарияланды 10 Қыркүйек 2026 16:20

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General news бөлімінің журналисі r.mutairov@kursiv.media
фото: видеодан скрин

Алматыдағы «Кеңсай» зиратында қазақ театр және кино өнерінің заңғар тұлғасы, Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО және Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімовтің бейітіне орнатылған ескерткіш тақтаның салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл туралы әлеуметтік желіде «Театр тынысы» парақшасы хабарлады.

Асанәлі Әшімов – ұлттық мәдениет пен сахна өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан актер. Ол театр мен кинода өшпес із қалдырып, сан алуан күрделі де жарқын бейнелерді сомдады. Сондай-ақ режиссерлік қырымен де танылып, отандық театр өнерінің кәсіби деңгейге көтерілуіне зор еңбек сіңірді.

Ескерткіштің мүсінін белгілі мүсінші Гульфия Мендеш жасап шығарды. Айта кетейік, мүсінші бұған дейін де Асанәлі Әшімовтің көзі тірісінде бірнеше рет бюст-ескерткіштерін жасаған болатын.

Еске сала кетейік, Асанәлі Әшімов 2025 жылдың 21 желтоқсанында 88 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. 

Сондай-ақ оқыңыз