
Қазақстан Азия ойындарының чемпиондарына берілетін ақшалай сыйақы көлемін едәуір арттыруды жоспарлап отыр. Бұл туралы Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов ұлттық құраманың Азиада алдындағы қорытынды жиынында мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, бұл норманы заңнамалық деңгейде бекіту жұмыстары қолға алынған.
«Бұған дейін спортшылар алтын медаль үшін 5, 10 немесе 15 мың доллар көлемінде сыйақы алатын. Ендігі жоспарымыз – чемпиондарға 50 мың АҚШ долларынан төлеу. Десе де, дәл осы Азия ойындарындағы сыйақы бюджеттен тыс қаражат есебінен төленетін болады. Қазір бұл бағытта тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр», – деді Ербол Мырзабосынов.
XX жазғы Азия ойындары 19 қыркүйекте салтанатты түрде басталып, 4 қазанға дейін созылады. Ел намысын 35 спорт түрі бойынша 570-ке жуық спортшы қорғайды.
Бұған дейін, Қазақстанның туын Елдос Сметов пен Сарвиноз Миркадирова алып шығатынын жазған едік.