ҚТЖ жарты жылда 191 млрд теңге пайда тапты, бірақ қарызы 3,9 трлн теңгеге жетті

Жарияланды 14 Қыркүйек 2026 14:35

Еңлік Нұрболат

Еңлік Нұрболат

автор
ҚТЖ есебі / коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Дастан Шанай

«Қазақстан темір жолы» 2026 жылдың алғашқы алты айында 191 млрд теңге таза пайда тапты. Компанияның кірісі мен активтері өскенімен, қарызы да шамамен 3,9 трлн теңгеге жеткен. Бұл туралы Kursiv Media ҚТЖ-ның қаржылық есебіне сүйеніп хабарлайды.

ҚТЖ-ның негізгі қызметтен түскен кірісі алты айда 1,42 трлн теңгені, жалпы пайдасы 429,1 млрд теңгені құрады. Таза пайда былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда екі еседен астам өскен.

Пайданың басым бөлігі бірінші тоқсанда түсті

Алты айдағы 191 млрд теңге пайданың 150,1 млрд теңгесі бірінші тоқсанда түскен. Демек, екінші тоқсанда компания шамамен 41 млрд теңге пайда тапты.

Бірінші тоқсандағы нәтижеге валюталық бағам да елеулі әсер еткен. ҚТЖ сол кезеңде 101,8 млрд теңге оң бағамдық айырма алған.

Активтер өсті, қарыз да көбейді

30 маусымдағы жағдай бойынша ҚТЖ активтері 8,75 трлн теңгеге жетті. 2025 жылдың соңында бұл көрсеткіш 7,6 трлн теңге болған.

Компанияның міндеттемелері де ұлғайып, 6,15 трлн теңгеге жетті. Ал қарыз көлемі шамамен 3,9 трлн теңгені құрады. Жыл басында ол 3,2 трлн теңгеге жуық болған.

Қарыздың өсуіне ҚТЖ-ның ірі инвестициялық жобалары әсер етіп отыр. Компания жаңа теміржол желілерін салып, инфрақұрылымды кеңейтіп, локомотивтер мен вагондарды жаңартып жатыр.

Жүк тасымалы да артты

2026 жылдың алғашқы жартысында ҚТЖ желісі бойынша 157,1 млн тонна жүк тасымалданды. Бұл былтырғыдан 3,5% көп.

Экспорттық тасымал 45,6 млн тоннаға жетті. Темір рудасы, қара металдар, мұнай өнімдері мен көмір тасымалы да өскен.

ҚТЖ IPO-ға дайындалып жатқандықтан, бұл көрсеткіштер инвесторлар үшін маңызды. Компанияның кірісі мен пайдасы өсіп келеді, бірақ сонымен қатар қарыз жүктемесі мен ірі инвестициялық шығындары да артып отыр.

Сондай-ақ оқыңыз