Бюджет ҚҚС-тан жарты триллион теңгеге жуық түсім ала алмады

Жарияланды 14 Қыркүйек 2026 15:06

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Business news бөлімінің аға журналисі nursultankaseke@gmail.com
Республикалық бюджет / фото: Kursiv Media

KursivMedia Қаржы министрлігінің 2026 жылғы 1 қыркүйектегі есебіне сүйеніп, республикалық бюджеттің қалай орындалып жатқанын зерттеп көрді. Жалпы кіріс жоспары орындалғанымен, ҚҚС, корпоративтік табыс салығы мен акциздер бойынша түсім жоспардан төмен қалып отыр. Шығыс бөлігінде есепті кезеңге жоспарланған қаражаттың шамамен 179 млрд теңгесі игерілмеген.

Жалпы кіріс жоспары орындалды

1 қыркүйектегі жағдай бойынша республикалық бюджетке 14,82 трлн теңге кіріс түсті. Есепті кезеңге жоспарланған сома 14,79 трлн теңге болған.

Яғни жоспар шамамен 33,9 млрд теңгеге артық орындалып, кірістердің орындалуы 100,2%-ды құрады.

Салық түсімдері бойынша да жалпы нәтиже оң: жоспарланған 11,61 трлн теңгенің орнына 11,64 трлн теңге түскен. Бірақ ірі салықтардың ішінде жағдай әртүрлі.

ҚҚС бойынша 489 млрд теңге жетпеді

Ең үлкен жетіспеушілік қосылған құн салығында байқалады.

ҚҚС бойынша сегіз айға жуық кезеңде 5,99 трлн теңге түсуі тиіс болған. Нақты түсім 5,50 трлн теңгені құрады. Бюджетке жоспардан 489,3 млрд теңге аз түсті. Жоспардың орындалуы – 91,8%.

Әсіресе импорттық ҚҚС жоспары әлсіз орындалған. ЕАЭО-дан тыс елдерден импортталатын тауарлар бойынша 227,2 млрд теңге, ал ЕАЭО елдерінен әкелінетін тауарлар бойынша шамамен 189,1 млрд теңге жетпеген. Олардың орындалуы тиісінше 87,2% және 84,6%-ды құрады.

Қазақстан ішінде өндірілген тауарлар мен көрсетілген қызметтер бойынша ҚҚС жоспарына да 113,1 млрд теңге жетпеді. Орындалуы – 95,9%.

Корпоративтік салық та жоспарға жетпеді

Корпоративтік табыс салығынан есепті кезеңде 3,17 трлн теңге түсуі жоспарланған.

Нақты түсім 3,12 трлн теңге болды. Осылайша жоспарға шамамен 47,1 млрд теңге жетпеді, орындалуы – 98,5%.

Акциздер бойынша айырма одан да айқын. Жоспардағы 102,5 млрд теңгенің орнына 71,2 млрд теңге түскен. Яғни 31,3 млрд теңге жетпей, жоспар небәрі 69,5%-ға орындалған.

Онда жалпы салық жоспары қалай орындалды?

ҚҚС пен корпоративтік салықтағы жетіспеушіліктің орнын басқа түсімдер жауып отыр.

Табиғи және басқа да ресурстарды пайдаланғаны үшін түсімдер 738,5 млрд теңге болады деп жоспарланған еді. Нақтысында бюджетке 1,30 трлн теңгеге жуық түсті. Бұл жоспардан 558,9 млрд теңгеге көп, орындалуы – 175,7%.

Соның ішінде мұнай секторы ұйымдарын қоспағандағы пайдалы қазбаларды өндіру салығынан 719,1 млрд теңге орнына 1,29 трлн теңге түскен.

Кедендік төлемдер де жоспардан жоғары: 1,54 трлн теңге жоспарға қарсы 1,58 трлн теңге түсті. Артық түсім – шамамен 32,9 млрд теңге.

Мұнайға салынатын кедендік әкету бажының өзі жоспардан 135,9 млрд теңгеге артық түсіп, 1,22 трлн теңгеге жеткен.

Шығыста 179 млрд теңгеге жуық қаржы игерілмеді

Республикалық бюджеттің шығыс бөлігінде есепті кезеңге 17,15 трлн теңге жұмсау жоспарланған.

Нақты төленген қаражат 16,97 трлн теңге болды. Айырмасы – шамамен 178,6 млрд теңге. Жалпы шығыс жоспары 99%-ға жуық орындалды.

Алайда кей салаларда игерілмеген сома айтарлықтай.

Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікте 62 млрд теңге игерілмеді

Ең үлкен айырма қоғамдық тәртіп, қауіпсіздік, құқықтық, сот және қылмыстық-атқару қызметінде байқалады.

Бұл салаға есепті кезеңде 986,4 млрд теңге жұмсау жоспарланғанымен, нақты шығыс 924,4 млрд теңге болды. Шамамен 61,9 млрд теңге игерілмеген, жоспар 93,7%-ға орындалды.

Оның ішінде құқық қорғау қызметінде шамамен 20,6 млрд теңге, сот қызметінде 19,2 млрд теңге, төтенше жағдайлар бойынша жұмыстарда 13,1 млрд теңге жоспардан аз жұмсалған.

Мемлекеттік қызметтерде 54 млрд теңге қалды

Жалпы сипаттағы мемлекеттік қызметтерге 1,07 трлн теңге қарастырылған. Нақты шығыс 1,02 трлн теңге болды. Айырмасы – 54,1 млрд теңге, орындалуы – 94,9%.

Бұл блоктың ішінде мемлекеттік басқарудың жалпы функцияларына қарастырылған қаржының шамамен 25,9 млрд теңгесі, жалпы сипаттағы өзге мемлекеттік қызметтерде 23,5 млрд теңгесі игерілмеген.

Қорғаныс пен көлік саласында да айырма бар

Қорғанысқа есепті кезеңде 924 млрд теңге жұмсау жоспарланған. Нақты шығыс 906,9 млрд теңге болды. Шамамен 17,1 млрд теңге игерілмеген, жоспар 98,2%-ға орындалды.

Көлік және коммуникация саласында жоспарланған 662,3 млрд теңгенің 646,2 млрд теңгесі жұмсалды. Айырмасы – 16 млрд теңге, орындалуы 97,6%.

Ауыл, су және орман шаруашылығы мен қоршаған ортаны қорғау бағыттарында шамамен 7,2 млрд теңге, білім беруде 7,1 млрд теңге жоспардан аз жұмсалған.

Ал ең ірі әлеуметтік бағыттарда жоспарға жақын көрсеткіш байқалады. Денсаулық сақтау шығыстары 99,8%-ға, әлеуметтік көмек пен әлеуметтік қамсыздандыру шығыстары 99,95%-ға орындалған.

Осылайша, республикалық бюджеттің жалпы көрсеткіштері жоспарға жақын болғанымен, оның ішінде айтарлықтай айырмашылық бар. Кірісте ҚҚС бойынша жарты триллион теңгеге жуық түсім жетпей отырса, оның орнын пайдалы қазбалар мен кедендік төлемдердің артық түсуі жауып отыр. Ал шығыста игерілмеген қаражаттың ең үлкен бөлігі қоғамдық қауіпсіздік пен мемлекеттік қызметтерге тиесілі.

Сондай-ақ оқыңыз