
Франция президенті Эммануэль Макрон 15 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерге кіруін реттейтін жаңа заң жобасы дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Kursiv.LifeStyle.
Макрон бұл туралы X әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды. Оның айтуынша, жаңа заң жобасы балаларды цифрлық ортадағы қауіптен қорғауға бағытталған. Бұған дейін француз парламентінің екі палатасы қабылдаған ұқсас норма тамыз айында Конституциялық кеңес тарапынан «пікір білдіру еркіндігіне шамадан тыс араласу» деп танылып, күшін жойған.
Осы шешімнен кейін Макрон үкіметке Еуропа стандарттарына сәйкес келетін, заң тұрғысынан тұрақты жаңа норма әзірлеуді тапсырған. Президенттің айтуынша, тапсырма орындалып, жаңа заң жобасы Еуропалық комиссияға хабарлама ретінде жолданған.
Макрон балаларды қорғауға бағытталған мұндай шектеу бүкіл Еуропада енгізілуі керек екенін атап өтті. Ол осы бастаманы жүзеге асыру үшін күш салуға ниетті екенін жеткізді.