Ипотека мен несие қашан арзандайды – экономист түсіндірді

Жарияланды 15 Қыркүйек 2026 16:31

Аягөз Құрмаш

Аягөз Құрмаш

a.kurmasheva@kursiv.media
Фото: коллаж\ бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қазақстанда базалық мөлшерлеменің 16,25 пайызға дейін төмендеуі халықтың несие мен ипотекаға қатысты үмітін қайта жандандырды. Алайда базалық мөлшерлеменің төмендеуі қарыз ақшаның бірден арзандайтынын білдіре ме? Ипотека рәсімдеуді жоспарлаған азаматтар несие алуды қазір қолға алғаны дұрыс па, әлде мөлшерлемелердің одан әрі төмендеуін күткен жөн бе?

Осы және өзге де маңызды сұрақтарға Kursiv.Media тілшісі экономист-сарапшы Сапарбай Жобаевтан жауап алды.

Оның айтуынша, базалық мөлшерлеме ең алдымен депозит нарығына әсер етеді. Ал депозиттердің құны банктердің несие бойынша пайыздық саясатына тікелей ықпал етеді.

«Базалық мөлшерлеме 18 пайыз болған кезде депозиттердің мөлшерлемесі 19-20 пайызға дейін өсті. Халық пен кәсіпкерлер өз қаражатын депозитке сала бастады. Ал банктер оған өзінің маржасын қосып, тұтынушылық несиелерді 25-30 пайыздан берді», – дейді экономист.

Сөзінше, ипотекалық несиелер бойынша жағдай банктерге қарай әртүрлі. Мәселен, мемлекеттік «Отбасы банк» тұрғын үй несиелерін төмендетілген мөлшерлемемен ұсынады. Ал коммерциялық банктердегі ипотекалық несие пайызы бұдан жоғары.

«Ипотеканы «Отбасы банк» мемлекеттік банк болғандықтан 11-14 пайызбен береді. Ал қалған коммерциялық банктерде ипотекалық несие шамамен 20-22 пайыз болады. Базалық мөлшерлеменің 18 пайыздан 16,25 пайызға төмендеуі несие нарығы үшін маңызды фактор. Бұл ипотека мен тұтынушылық несие мөлшерлемелерінің де төмендеуіне ықпал етеді. Енді базалық мөлшерлеме 16,25 пайызға түсті. Соған байланысты ипотеканың және тұтынушылық несиелердің пайыздық мөлшерлемесі де шамамен 2-3 пайызға төмендейді. Ол бірден әсер ете береді. Оған бірнеше ай уақыт қажет емес», – деді ол.

Дегенмен несие мөлшерлемесінің қалыптасуында базалық мөлшерлемеден бөлек бірнеше фактор бар. Банктер халық пен бизнестен депозит арқылы тартқан қаражаттың құнын, өз маржасын және басқа да шығындарын есепке алады.

«Егер депозит 15 пайызбен тартылса, банк оған өзінің 4-5 пайыз маржасын қосып, несиені 20-22 пайызбен беруі мүмкін. Ал депозит 20 пайыз болса, халықтан немесе кәсіпорындардан тартылған қаражатты 25-26 пайыздан несиеге ұсынуы ықтимал», – деп түсіндірді экономист. Жобаевтың айтуынша, банк жүйесіндегі қаражаттың басым бөлігі депозиттерден қалыптасады. «Банктердің ақшасының 85-90 пайызы – осы депозиттік қаражаттар. Ал өздерінің ақшасы, яғни құрылтайшылардың қаражаты, шамамен 10-15 пайыз ғана», – деді ол.

Несие алуға асықпау керек пе?

Базалық мөлшерлеменің төмендеуінен кейін көпшілікті «үй немесе көлік алуды қазір бастау керек пе, әлде несие арзандағанын күткен жөн бе?» деген сұрақ қызықтырады.

Экономист бұл мәселеде нақты болжам жасау қиын екенін айтады. Себебі Қазақстан экономикасында инфляция, валюта бағамы және пайыздық мөлшерлемелер үнемі өзгеріп отырады.

«Біздің экономикамыз әлі бір қалыпқа түскен экономика емес, дамушы экономика саналады. Сондықтан ақша бағамының өзгеруі, пайыздың өзгеруі – барлық дерлік дамушы мемлекеттерде болатын жағдай», – деді Сапарбай Жобаев.

Оның айтуынша, «ертең ипотека арзандай ма, қымбаттай ма», «доллардың бағамы қалай өзгереді», «бағалар мен инфляция қандай болады» деген сұрақтарға қазір нақты жауап беру қиын.

«Ұлттық банк 2-3 жылдан кейін инфляцияны 20-25 пайыздан 10-15 пайызға, кейін 5-6 пайызға түсіреміз деп жоспарлап отыр. Бірақ мұндай болжамдардың бәрі 20 жылдан бері айтылып келеді. Алайда ешқашан толық орындалып кеткен жоқ», – деді ол.

Экономист бұған инфляцияның бұрынғы көрсеткіштерін мысал ретінде келтірді. Оның сөзінше, 2023 жылы Қазақстандағы инфляция 21 пайызға жетіп, кейін 12-13 пайызға дейін төмендеген.

«Көрші мемлекеттерімізді, мәселен, бізден соншалықты бай емес Қырғызстан мен Өзбекстанды алсақ, оларда инфляция 7-9 пайыз деңгейінде. Ал бізде неге 12-13 пайыз болады деген сұрақ туындайды», – деді Жобаев.

Экономист инфляцияға экономикалық саясатпен қатар валюта бағамының өзгерісі де ықпал ететінін атап өтті.

«Ұлттық қордан алған ақшамызды және басқа да квазимемлекеттік кәсіпорындардың валюталарын көбірек сатқанымыз үшін, Ұлттық қордың қаржысы да валютада болғандықтан, оны теңгеге айырбастап сатқан кезде бүгінгі таңда теңге күшейіп жатыр», – деп түсіндірді ол.

Оның айтуынша, бұған дейін де теңге бағамы айтарлықтай өзгерген.

«Өткен жылы теңге 1 доллар үшін 535 теңге болды, доллар қымбаттады. Ал кейін доллар төмендеп, 1 доллар 450 теңгеге дейін түсті. Мұны ешқандай экономистер, қаржы сарапшылары күтпеген еді. Осындай өзгерістің нәтижесінде біздегі импорттың бағасы арзандады», – дейді сарапшы.

Жобаевтың пікірінше, базалық мөлшерлемені көтеру арқылы Ұлттық банк экономикадағы ақша массасын азайтып, инфляцияны төмендетуге ықпал етті.

«Ұлттық банктің монетарлық саясаты бойынша базалық мөлшерлемені жоғарылатқаннан кейін экономикадағы ақша массасы азайды деп айтуға болады. Сөйтіп, біраз инфляцияны 21 пайыздан 12 пайызға дейін төмендеттік. Бұны одан әрі төмендету мақсатымыз бар. Енді оның қалай болатынын ешкім білмейді», – деді ол.

Сондықтан сарапшы ипотека немесе тұтынушылық несие алғысы келетін азаматтарға тек мөлшерлеменің төмендеуін күтіп отыруды ұсынбайды.

«Ипотека алғысы келгендер, несие алғысы келгендер дәл бүгінгі күні қандай пайыз болса, сол жүйемен жұмыс істей береді. Оны күтіп отырудың қажеті жоқ. Артық ақшаңыз болса, ақшаны депозитке салып қойып, кейін күтуіңізге болады. Ақшаның бағасы сол күнде қанша пайыз болса, сол дұрыс пайыз деп есептейміз», – деді экономист.

Банктер несие пайызын өз бетінше белгілей ала ма?

Базалық мөлшерлеменің төмендеуі барлық банктердің несие пайызын бірдей деңгейге түсіретінін білдірмейді. Себебі әрбір қаржы ұйымының өзіндік несие және пайыздық саясаты бар.

«Әрбір банк бізде еркін, микроқаржы ұйымдары да еркін. Әрқайсысы өзінің саясатын жүргізеді. Несие саясаты бар, пайыз саясаты бар», – деді Сапарбай Жобаев.

Оның айтуынша, кейбір банктер клиенттерді тарту үшін төмен мөлшерлемемен жұмыс істеуге тырысады. Ал басқа қаржы ұйымдары өздерінің бизнес-моделіне қарай жоғары пайыз белгілеуі мүмкін.

«Кейбір банктер өте төмен пайызбен жұмыс істеуге әрекет жасайды. Мәселен, Kaspi Bank сияқты банктер халықпен жұмыс істейді. Олар депозиттеріне көбірек ақша беріп, несие пайыздарын төмендетуге әрекет жасайды. Ал басқа банктер өздерінің саясатына сәйкес пайыздық мөлшерлемені жоғары қоя береді», – деді экономист.

Микроқаржы ұйымдарының да несие нарығындағы орны бар. Алайда олардың пайыздық мөлшерлемесі банктерге қарағанда жоғары болуы мүмкін.

«Микроқаржы ұйымдары банктік қызметтерге балама қызмет атқарады. Сондықтан олар жоғары пайыздық мөлшерлемелерді ұстай береді. Бірақ оларға ешкім қалай болса солай жұмыс істеуге мүмкіндік бермейді. Қазақстанда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бар. Қазір олар микрокредиттердің сыйақы мөлшерлемесін белгілі бір деңгейде шектеген», – деді Жобаев.

Айтуынша, депозиттердің өзінде де мерзімге қарай пайыздық мөлшерлеме өзгереді.

«Егер сен ұзақ уақытқа ақша салатын болсаң, банк саған 18-20 пайызбен сыйақы береді. Ал егер ақшаңды күнделікті пайдаланатын болсаң, саған пайыз мүлдем берілмеуі мүмкін. Егер бір айлық, екі айлық немесе үш айлық депозит болса, оның пайызы төмен болады», – деп түсіндірді ол.

Сонымен қатар банктердің қызметіне Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі белгілейтін пруденциялық нормативтер қолданылады.

«Банктердің қалай жұмыс істеуі керек екеніне қатысты белгілі бір шектеулер қойылған. Банктер сол талаптарды орындауы керек. Мәселен, банктің құрылтайшыларына немесе онымен байланысты адамдарға несие беруге қатысты да белгілі бір шектеулер бар. Оларға шектен тыс несие беруге болмайды», – деді сарапшы.

Алайда экономист банк секторындағы проблемалардың бірі ретінде кейбір қаржы ұйымдарының байланысты тұлғаларға ірі көлемде несие беруін атап өтті.

«Өкінішке қарай, кейбір банктер осы талаптарды орындамай, өздерімен байланысты адамдарға, компанияларға өте үлкен несие береді. Олар қайтармаса да, несиені қайтадан жаңа кредит ретінде рәсімдеп, мерзімін ұзарта береді», – деді ол.

Жобаев мұндай жағдайдың банк портфелінің сапасына әсер ететінін айтады.

«Сондықтан біздің банктердің кредиттік портфельдерінің сапасы өте нашар. Сол себепті олар жоғары пайыз қояды да, пайдасын көбірек табуға әрекет жасайды», – деді экономист.

Несие арзандаса, баспана бағасы қымбаттай ма?

Ипотекалық мөлшерлеменің төмендеуі тұрғын үй нарығына да әсер етуі мүмкін. Себебі несие қолжетімді болған сайын, баспана сатып алуға ниетті азаматтардың саны артып, сұраныс өсуі ықтимал.

«Егер несие арзандаса, халық коммерциялық банктерден көбірек ақша алса, нарықтағы сұраныс көбейіп, баға қымбаттауы мүмкін», – деді Сапарбай Жобаев.

Алайда Қазақстанда тұрғын үй нарығына мемлекеттік бағдарламалар да ықпал етеді. Экономист «7-20-25», «Самұрық-Қазына» және «Отбасы банктің» тұрғын үй бағдарламаларын мысалға келтірді.

«Бұлар несиені арзандатып, халықтың сұранысын қанағаттандыру арқылы баспана бағасының төмендеуіне әрекет етеді. Яғни нарықта баға қымбаттаса, сұраныс басылатын жағдай болуы мүмкін. Ал біздің мемлекеттік саясатымыз, «Отбасы банкі» арқылы айтатын болсақ, сұранысты ұстап, бағаны төмендетуге бағытталған», – деді ол.

Дегенмен сарапшы Қазақстандағы тұрғын үй мәселесінің түпкі себебі тек несие мөлшерлемесіне байланысты емес деп санайды. Оның айтуынша, халық санының өсуі, урбандалу және тұрғын үймен қамтамасыз ету деңгейінің төмен болуы баспанаға деген сұранысты сақтап отыр.

«Қазақстандағы негізгі үрдіске баспана бағасының қымбаттай беруі жатады. Неге? Баспана және оның қамтамасыз етілу деңгейі өте төмен», – деді Жобаев.

Оның сөзінше, Қазақстанда бір адамға шаққандағы тұрғын үй көлемі Еуропа елдерімен салыстырғанда төмен. Себебі отырықшы Еуропамен салыстырғанда көшпенді қазақтың баспанамен қамтылуы кеш басталған. 

«Бізде бір адамға баспанамен қамтылу шамамен 20-22 шаршы метрден келеді. Ал Еуропа мемлекеттерінде бір адамға 40-45 шаршы метрден келеді. Екі есеге көп», – деді экономист.

Сонымен бірге ауылдан қалаға көшіп жатқан жастардың саны да тұрғын үйге деген сұранысты арттырып отыр.

«Қазіргі кезде ауылдардан қалаға көшіп жатқан жастардың саны артып келеді. Сондықтан біздің баспанаға деген сұранысымыз көбейіп отыр. Әсіресе Алматы, Астана, Шымкент сияқты ірі мегаполистерде бұл мәселе өте өзекті», – деді ол.

Экономист бұл мәселені шешу үшін тұрғын үй құрылысының географиясын кеңейту қажет деп есептейді.

«Біздің үкімет жалпы баспана саясатын өзгертіп, шағын қалаларға, аудан орталықтарына, облыс орталықтарына көбірек баспана салуға инвестиция салса, жақсы болар еді. Тек қана Астана, Алматы, Шымкентке ақша құя бермей, басқа өңірлердегі тұрғын үй құрылысын да дамыту қажет», – деді Сапарбай Жобаев.

Базалық мөлшерлемені халық қашан сезінеді?

Экономистің айтуынша, базалық мөлшерлеменің төмендеуін халық ең алдымен депозиттер бойынша сезінеді. Несие нарығындағы өзгеріс бұдан баяуырақ жүруі мүмкін.

«Халық оны бірден сезеді. Мысалы, депозиттерінің пайызы төмендейді. Осыдан 3-4 ай бұрын 20 пайыздық депозиттер бар еді, қазір оны 18,5 пайызға түсірді. Базалық мөлшерлеме 16,25 пайыз болғаннан кейін басқа да депозиттердің пайыздары төмендеді», – деді ол.

Ал несие мөлшерлемесіне келгенде жағдай өзгеше. Себебі қаржы ұйымдары өздерінің саясатына, қаражат тарту құнына және нарықтағы жағдайға қарай шешім қабылдайды.

«Несие пайызы бірден төмендей салмайды. Оған біраз уақыт керек. Мүмкін, екі жылға дейін уақыт қажет болуы мүмкін. Егер осы үрдіс жалғасып, инфляция төмендесе, несие пайыздарының да одан әрі төмендеуі мүмкін», – деді экономист.

Сонымен бірге Жобаев әрбір қаржы ұйымының саясаты әртүрлі болатынын тағы бір мәрте атап өтті. Сондықтан базалық мөлшерлеме төмендеді екен деп барлық банктегі ипотека мен тұтынушылық несиелердің пайызы бір уақытта және бірдей деңгейде төмендейді деп күтуге болмайды.

Еске салсақ, қыркүйектің басында Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,25 пайызға дейін төмендеткен еді.

Сондай-ақ оқыңыз