
Қазақстанда телефон нөмірі арқылы жасалатын банкаралық аударымдардың базалық лимитін екі есе көтеру жоспарланып отыр. Қазір бір транзакцияға 500 мың теңге көлеміндегі базалық шек қолданылса, оны 1 млн теңгеге дейін ұлғайту көзделген, деп хабарлайды Kursiv Media.
Ұлттық банк төрағасының орынбасары Бинұр Жәленовтің айтуынша, тиісті нормативтік-құқықтық актінің жобасы «Ашық НҚА» порталында талқылауға шығарылған. Өзгеріс қабылданса, жаңа лимит 2026 жылғы қазанда іске қосылуы мүмкін.
Әңгіме Банкаралық мобильді төлемдер жүйесі туралы болып отыр. Ол 19 шілдеден бастап толық іске қосылды және әртүрлі банктердің клиенттеріне бір-біріне телефон нөмірі арқылы ақша аударуға мүмкіндік береді. Жүйеге халыққа мобильді қосымша арқылы қызмет көрсететін банктер қосылған.
Бұл ретте 1 млн теңге барлық банк үшін міндетті бірыңғай клиенттік лимит болады деген сөз емес. Банктер өздерінің тәуекел саясатына қарай бір операцияға немесе белгілі бір уақыт аралығындағы аударымдарға қосымша шектеулер қоя алады. Кей банктерде клиенттің өзі де мобильді қосымша арқылы жеке лимит белгілей алады.
Ұлттық банктің қолданыстағы қағидасында алаяқтықтың алдын алу үшін жеке тұлғалар арасындағы бір операцияның ең жоғары сомасы 1 млн теңге деп көрсетілген. Сонымен қатар банктер мұндай операциялардың жиілігіне қосымша шектеу енгізе алады. QR-код арқылы жасалатын төлемдерге жүйе деңгейінде лимит қойылмаған.