Доллар 450 теңгеден төмендеді: сарапшылар келесі бағытты болжады

Жарияланды 15 Қыркүйек 2026 16:06

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Business news бөлімінің аға журналисі nursultankaseke@gmail.com
Доллар бағамына болжамдар / фото: Kursiv Media

Доллар бағамы 450 теңгеден төмендеген тұста сарапшылар теңгенің бұдан әрі қалай өзгеруі мүмкін екенін бағалады. Экономист Алмас Чукин қазіргі бағам ұзақ уақыт сақталмауы мүмкін деп есептесе, QAMS атқарушы директоры Данияр Темірбаев теңгенің қысқа мерзімде күшеюін мүмкін деп санайды, деп деп хабарлайды Kursiv.Media.

Чукин: доллар 470–490 теңгеге оралуы мүмкін

Экономист Алмас Чукин теңгенің қазіргі нығаюына бірден бірнеше фактор әсер етіп отырғанын айтады. Соның бірі – Ұлттық банктің қатаң ақша-кредит саясаты. Реттеуші экономикадағы артық ақшаны азайтып, өтімділікті шектеп отыр. Бұған сыртқы геосаяси жағдай мен капитал қозғалысы да қосылғанын айтты сарапшы.

Чукин доллардың 400 теңгеден төмен түсуін толық жоққа шығармайды. Алайда мұндай сценарийдің ықтималдығын өте төмен деп бағалайды. Оның пікірінше, қазіргі бағам теңге үшін тым күшті, сондықтан алдағы бірнеше айда доллардың қайта қымбаттауы ықтимал.

Экономистің алдағы бір жылға арналған негізгі болжамы – бір доллар үшін 470–490 теңге. Бағам маусымдық факторларға байланысты бұл аралықтан уақытша ауытқуы мүмкін, бірақ доллардың 300 теңгелік аймаққа түсуінен гөрі 470–490 теңге аралығына оралу ықтималдығы жоғары деп санайды.

Чукин 2027 жылдан бастап бюджет шығыстарының ұлғаюын да теңгеге тәуекел ретінде қарастырады. Үкімет Ұлттық қордан нысаналы трансферт алуды қайта бастаса, экономикадағы ақша көлемі артады. Ал тауар ұсынысы соған сай өспесе, бұл инфляцияны жоғары деңгейде ұстап, кейін валюта бағамына да қысым түсіруі мүмкін деп есептейді.

Темірбаев: қысқа мерзімде теңге күшеюі мүмкін

QAMS атқарушы директоры Данияр Темірбаев та теңгенің едәуір нығаю мүмкіндігін бұған дейін айтқан. Доллар 460 теңгеге жақындаған кезде ол 440–450 теңге деңгейіне дейін төмендеу сценарийі енді соншалықты шындықтан алыс көрінбейтінін жазған.

Сонымен бірге Темірбаев мұны ұзақ мерзімді тренд деп есептемейді. Оның пікірінше, қысқа мерзімде теңге күшейгенімен, ұзақ мерзімде доллардың позициясы мықтырақ. Сол себепті доллар теңгеге шаққанда қатты арзандаған кездерде өзі де валюта сатып алатынын жазды.

Темірбаев сондай-ақ тым күшті теңгенің экспорттаушыларға әсеріне назар аударған. Экспорттан түсетін валюталық кіріс азайған кезде компаниялардың теңгемен есептелетін табысы төмендейді. Бұл өз кезегінде бюджет кірістеріне де әсер етуі мүмкін. Сондықтан сарапшы билік пен Ұлттық банкке теңгенің шамадан тыс нығаюы қаншалықты тиімді деген мәселені көтерді.

Осылайша, екі сарапшы да теңгенің қысқа мерзімде күшею мүмкіндігін жоққа шығармайды. Алайда ұзақ мерзімде қазіргі төмен доллар бағамының сақталуына күмәнмен қарайды. Чукин алдағы бір жылдағы негізгі диапазонды 470–490 теңге деп бағаласа, Темірбаев та ұзақ мерзімде доллардың теңгеге қарағанда мықтырақ болатынын айтады.

Айта кетейік, валюта нарығында 15 қыркүйектегі сағат 16:01 -де доллар бағасы –447,77 теңге шамасындай саудалануда.

Сондай-ақ оқыңыз