Өндіріс картасы: Қазақстанда кәсіпорындар қай өңірде көп (инфографика)

Жарияланды 17 Қыркүйек 2026 09:18

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Business news бөлімінің аға журналисі nursultankaseke@gmail.com
Өндіріс орындары / фото: Kursiv Media

Kursiv Media Ұлттық статистика бюросының өнеркәсіп жөніндегі жаңа деректерін зерттеп көрді. 2026 жылғы қаңтар–тамыз қорытындысында Қазақстан бойынша кестеде 2 778 өнеркәсіптік кәсіпорын мен өндіріс көрсетілген. Олардың саны ең көп өңір – Қарағанды облысы.

Қарағанды облысында 244 кәсіпорын мен өндіріс бар. Одан кейін Алматы облысы – 225, Павлодар облысы – 222 және Алматы қаласы – 209 нысанмен келеді.

Ақтөбе облысында 184, Ақмола облысында 177 кәсіпорын мен өндіріс көрсетілген.

Егер тек республикалық маңызы бар үш қаланы салыстырсақ, Алматы айқын алда. Қалада 209 өнеркәсіптік кәсіпорын мен өндіріс бар. Шымкентте – 133, Астанада – 130.

ӨНЕРКӘСІП · 2026 ҚАҢТАР–ТАМЫЗ

Өндіріс орындары қай өңірде көп?

Кәсіпорындар мен өндірістер саны және 2025 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғандағы нақты өндіріс өзгерісі
Қарағанды
244
+4,7%
Алматы обл.
225
+15,6%
Павлодар
222
+7,6%
Алматы қ.
209
+20,9%
Ақтөбе
184
+1,4%
Ақмола
177
−5,0%
Үш мегаполис
Алматы
209
өндіріс +20,9%
Шымкент
133
өндіріс +12,4%
Астана
130
өндіріс +11,0%
Дереккөз: ҚР Ұлттық статистика бюросы. «Кәсіпорындар мен өндірістер саны» жаңадан тіркелген заңды тұлғалардың санын білдірмейді. Пайыздық өзгеріс — 2026 жылғы қаңтар–тамыздың 2025 жылғы сәйкес кезеңге нақты өндіріс индексі.

Алматыда өндіріс бір жылда 20,9% өсті

Кәсіпорын саны өндірілген өнімнің көлемін тікелей білдірмейді. Мысалы, кәсіпорын саны бойынша Алматы қаласы Қарағанды облысынан кейін тұрғанымен, өндіріс қарқыны жағынан мегаполис әлдеқайда жылдам өсіп отыр.

2026 жылғы қаңтар–тамызда Алматыдағы өнеркәсіп өндірісінің нақты көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20,9% өсті.

Шымкентте өндіріс бір жылда 12,4%, Астанада 11% артқан.

Өңірлер арасында ең жоғары өсім Жетісу облысында тіркелді – өндіріс былтырғы қаңтар–тамызбен салыстырғанда 28,5% артқан. Түркістан облысында өсім – 27,9%, Жамбыл облысында – 18,4%, Алматы облысында – 15,6%.

Ал бірқатар ірі өнеркәсіптік өңірлерде кері динамика байқалады. Батыс Қазақстан облысында өндіріс 9,3%, Атырау облысында 6,8%, Шығыс Қазақстан облысында 6,2%, Ақмола облысында 5% төмендеген.

Өнеркәсіптің өсу қарқыны баяулады

Жалпы Қазақстан бойынша 2026 жылғы сегіз айда 45,6 трлн теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілді. Бір жыл бұрын осы кезеңдегі көрсеткіш 39,4 трлн теңге болған.

Ақшалай есеппен өндіріс көлемі шамамен 15,9% көбейген. Алайда баға өзгерісін есепке алатын өнеркәсіптік өндіріс индексі биыл небәрі 2,8% нақты өсімді көрсетеді.

Салыстыру үшін, 2025 жылғы қаңтар–тамызда Қазақстандағы өнеркәсіп өндірісі алдыңғы жылдың сәйкес кезеңінен 7,6% өскен еді.

Демек, өнеркәсіп өнімінің теңгемен есептелген көлемі айтарлықтай ұлғайғанымен, нақты өндірістің өсу қарқыны бір жыл бұрынғы деңгейден едәуір баяулаған.

Сонымен бірге өндірістің географиясы да біркелкі емес: кәсіпорындар саны Қарағанды, Алматы және Павлодар облыстарында көбірек шоғырланса, биылғы ең жоғары нақты өсім Жетісу мен Түркістан облыстарында байқалып отыр.

Сондай-ақ оқыңыз