
«Самұрық-Қазынаның» таза пайдасы 2026 жылдың алғашқы алты айында 1,74 трлн теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен шамамен 22% көп. Kursiv Media қордың KASE-де жарияланған жаңа есебіндегі негізгі сандарды қарап шықты.
Қарапайым есеппен, қордың алты айдағы таза пайдасы күніне шамамен 9,6 млрд теңгеге, ал секундына 111 мың теңгеге тең. Бұл ақша ағыны емес, есепте көрсетілген таза пайданы уақытқа шартты түрде бөлгендегі көрсеткіш.
Жарты жылда 10 трлн теңгеден астам кіріс
Қаңтар–маусымда «Самұрық-Қазынаның» негізгі қызметтен түскен кірісі 10,25 трлн теңгеге жетті. Бір жылда түсім шамамен 21% өскен.
Яғни қор компаниялары алты айда орта есеппен күніне 56,7 млрд теңгеге жуық кіріс қалыптастырған.
Кірістің негізгі бөлігін мұнай мен мұнай өнімдерін сату, теміржол арқылы жүк тасымалдау, аффинирленген алтын және уран өнімдері қамтамасыз еткен.
Қордың жалпы пайдасы 2,12 трлн теңге болды. Ал таза рентабельдік көрсеткіші 16,96%-ға жетті. Басқаша айтқанда, әр 100 теңге кірістің шамамен 17 теңгесі таза пайда болып қалған.
Бірақ шығын да тез өсіп жатыр
Кірістің өсуімен бірге шығын да артқан. Өнім мен қызметтердің өзіндік құны жарты жылда шамамен төрттен бірге өсіп, 8,17 трлн теңгеге жетті.
Әсіресе материалдар мен қорларға кеткен шығын айтарлықтай көбейген: бір жыл бұрынғы 3,75 трлн теңгеден 4,92 трлн теңгеге дейін өскен. Еңбекақы, амортизация, отын және энергия шығындары да жоғарылаған.
Соған қарамастан таза пайданың өсуіне екі фактор көмектесті. Активтердің құнсыздануынан келген шығын 80%-дан астам қысқарды. Сонымен бірге валюта бағамының өзгеруінен болған таза шығын екі есеге жуық азайып, 58,9 млрд теңге болды.
«Самұрық-Қазынаның» активтері 46,7 трлн теңгеге жетті
Маусымның соңында қор активтерінің жалпы құны 46,67 трлн теңге болды. Жыл басынан бері ол шамамен 2,4 трлн теңгеге немесе 5,5% өскен.
Оның ішінде негізгі құралдардың құны 20,39 трлн теңгеге дейін көтерілді. Қолма-қол ақша мен ақша баламалары 4,41 трлн теңгеге жетті.
Қордың меншікті капиталы 27,81 трлн теңгені құрайды. Бұл наурыздың соңындағы 27,19 трлн теңгемен салыстырғанда шамамен 620 млрд теңгеге көп.
Қарыз да көбейді
Пайда мен актив өсіп жатқанымен, міндеттемелер де ұлғайған.
«Самұрық-Қазынаның» жалпы міндеттемелері жыл басынан бері 10,5% өсіп, 18,86 трлн теңгеге жетті. Қарыздар көлемі 8,09 трлн теңгеден 8,94 трлн теңгеге дейін көбейген.
Яғни жарты жылда қордың қарыздары шамамен 850 млрд теңгеге өскен.
Мұнайдан келген жүздеген миллиард
«Самұрық-Қазына» үшін тағы бір маңызды табыс көзі — қор тікелей бақыламайтын, бірақ үлесі бар ірі компаниялар.
2026 жылдың алғашқы жартысында бірлескен және қауымдастырылған компаниялардан қор тобына 630 млрд теңгеге жуық дивиденд түскен. Оның ішінде Теңізшевройлдан түскен дивиденд шамамен 519 млрд теңге болған.
Салыстыру үшін, бір жыл бұрын ТШО-дан осы кезеңде 386 млрд теңге дивиденд алынған.
Осылайша «Самұрық-Қазынаның» 2026 жылғы алғашқы жартысында кірісі де, таза пайдасы да өсті. Бірақ есептің екінші жағы да бар: 10 трлн теңгеден астам кіріспен қатар қордың міндеттемелері 18,9 трлн теңгеге, ал қарыздары 8,9 трлн теңгеге дейін көтерілген.