
Жақында анасынан айырылған танымал тележүргізуші Анна Данченко өміріндегі ең ауыр кезеңдердің бірінде қолдау көрсеткен Баян Мақсатқызына жүрекжарды алғысын білдірді. Ол өз жазбасында Баян Алагөзованың адамгершілігіне, жанашырлығына және қиын сәтте көрсеткен қамқорлығына ерекше тоқталды, деп хабарлайды Кursiv.Media.
«Баян Мақсатқызы, сізге шын жүректен алғыс айтқым келеді. Сіздің сезімталдығыңыз әрі мейірімді жүрегіңіз үшін, өмірімдегі ең ауыр кезеңдердің бірінде маған көрсеткен жылулығыңыз үшін алғысым шексіз», – деп жазды Анна Данченко.
Оның айтуынша, Баян Мақсатқызымен ұзақ уақыт әрі тығыз жұмыс істеуге мүмкіндік болмаған. Дегенмен ол продюсерді әрдайым адами қасиеттері үшін жоғары бағалағанын атап өтті. Ал қиын кезеңде оның осы қасиеттерін бұрынғыдан да ерекше сезінген.
Данченко анасының жерлеу рәсімін ұйымдастыруға байланысты Баян Мақсатқызы оған қомақты көлемде қаржылай көмек көрсеткенін де айтты.
«Мүмкін, сіз менің бұл туралы айтқанымды қаламайтын шығарсыз. Бірақ мен сізге міндетті түрде алғыс айтқым келеді. Жерлеу рәсімін ұйымдастыру үшін қаншама нәрсе қажет екенін түсініп, маған осындай үлкен көлемде ақша жібердіңіз. Оны көрген сәтте мен одан сайын қатты жылап жібердім. Ақша үшін емес, мұндай қамқорлық пен жанашырлықты мүлде күтпеген едім», – деді ол.
Анна Данченко бала кезінен ата-анасы тек өзіне сенуге және қиындықтарды өз күшімен еңсеруге үйреткенін айтып, әдетте ешкімнен көмек күтпейтінін жеткізді. Бірақ мұндай сәтте көрсетілген қолдаудың оған ерекше әсер еткенін атап өтті.
«Адамның жаны қатты ауырған кезде, адамдық жылулықты бұрынғыдан да терең сезінеді. Кейде бір ғана әрекет адамның кім екенін жүздеген сөзден де артық айтып береді», – деп жазды ол.
Анна Данченко қазіргі таңда ата-анасынан айырылғанын айтып, осындай қиын кезеңде жүрегі кең, мейірімді, ашық, дана әрі өзгенің қайғысын сезіне білетін адамдардың қадірін бұрынғыдан да жақсы түсіне түскенін жеткізді.
«Неге екенін білмеймін, бірақ менің ата-анам да осындай ауыр сәтте олардың қызына көрсеткен мейірім үшін Баян Мақсатқызына риза болып отырғандай сезінемін. Жасаған бар жақсылығыңыз міндетті түрде өзіңізге және отбасыңызға еселеп қайтсын. Жақындарыңыз бен туған-туыстарыңыз аман-сау болсын. Үйлеріңізден әрдайым жылулық пен береке кетпесін. Мен мұны ешқашан ұмытпаймын», – деп түйіндеді Анна Данченко.
Еске салсақ, танымал тележүргізушінің ата-анасы араға екі жыл салып бірінен соң бірі дүниеден өткен еді.
Ал Баян Алагөзованың өзі жақында «Қазақ аруы» байқауына кастинг жариялаған болатын.