
«Қазақтелеком» Екібастұзда салынатын Data Center Valley жобасын қаржыландыру үшін бірнеше миллиард доллар тартуды жоспарлап отыр. Компания халықаралық қаржы институттарымен келіссөз жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Kursiv Media Reuters агенттігіне сілтеме жасап.
«Қазақтелеком» басқарма төрағасы Бағдат Мусиннің Reuters-ке айтуынша, Дата-орталықтар алқабын іске асыруға бір миллиард доллардан әлдеқайда көп қаражат қажет.
Қаржы тарту үшін компания бірнеше тетікті қатар пайдаланып жатыр. Соның ішінде Астана халықаралық қаржы орталығы алаңында облигация шығару және Қазақстанның Даму банкінің қаражатын пайдалану қарастырылған.
Бұған қоса «Қазақтелеком» қытайлық және америкалық қаржы институттарымен келіссөз жүргізіп жатыр.
«Жобаны іске асыруға бір миллиард доллармен шектелмейтін елеулі қаражат қажет. Қазірдің өзінде түрлі қаржыландыру құралдары іске қосылды. Сонымен бірге халықаралық қаржы институттарынан қаражат тарту жұмысы жүріп жатыр», – деді Мусин.
Оның сөзінше, әзірге нақты қанша қаражат тартылатыны және қаржыландыру мерзімі туралы айту ерте.
Жоба қайда салынады
Data Center Valley Қазақстанның солтүстік-шығысында, Екібастұзда орналасады. Бұл өңірде ірі көмір кен орындары мен электр энергиясын өндіретін қуаттар шоғырланған.
Жоба Қазақстан мен АҚШ арасындағы бірлескен бастама ретінде сипатталады. Оның мақсаты – Nvidia графикалық процессорлары негізіндегі жоғары өнімді серверлерді пайдаланып, әлемдік деңгейдегі IT-хаб қалыптастыру.
Дата-орталықтардың жиынтық қуаты бастапқыда кемінде 300 МВт болады деп жоспарланған. Кейін оны 1 ГВт-қа дейін ұлғайту мүмкіндігі қарастырылып отыр.
Жоба екі кезеңде іске асырылады:
- бірінші кезеңде – 109 МВт;
- екінші кезеңде – 136 МВт электр қуаты пайдаланылады.
Биыл маусымда Қазақстан үкіметі Firebird және NVIDIA компанияларымен жасанды интеллект саласында жалпы құны $10 млрд болатын келісімдер пакетін жасасты. Оның ішінде Дата-орталықтар алқабын құру жобасы да бар.
Reuters мәліметінше, әртүрлі бағалау бойынша бүкіл жобаның құны бірнеше ондаған миллиард долларға жетуі мүмкін.