Жаңа кен орындары керек: Қазақстан мұнай барлауын күшейтті

Жарияланды 18 Қыркүйек 2026 14:37

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Business news бөлімінің аға журналисі nursultankaseke@gmail.com
Мұнай қорларын іздеу / фото: ЖИ көмегімен жасалды

Қазақстан жаңа мұнай және газ қорларын іздеуді күшейтіп жатыр. Соңғы бес жылда елдің мұнай-газ секторындағы геологиялық барлау жұмыстарына шамамен 600 млрд теңге инвестиция салынған. Бұл туралы Энергетика министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Kursiv Media.

Ведомствоның мәліметінше, елдегі бұрыннан игеріліп келе жатқан кен орындарындағы «жеңіл мұнай» қоры біртіндеп азайып барады. Сондықтан жаңа мұнай іздеу жұмыстары енді терең жатқан, тұзасты және бұрын аз зерттелген учаскелерге ауысып жатыр.

23 жоба бойынша мұнай ізделеді

Қазақстанда 2026–2030 жылдарға арналған ауқымды геологиялық барлау бағдарламасы әзірленген. Оның аясында әртүрлі зерттеу кезеңіндегі 23 жоба қалыптастырылды.

Жаңа қорларды табудағы негізгі үміт Каспий маңы бассейнінің тұзасты қабаттарына, терең жатқан палеозой кешендеріне және осы уақытқа дейін толық зерттелмеген аумақтарға артылып отыр.

Мұндай жерлерден мұнай іздеу дәстүрлі кен орындарына қарағанда күрделірек. Қабаттар терең орналасқандықтан, қордың нақты көлемін алдын ала анықтау қиын, ал барлау мен бұрғылауға күрделі технология және көп қаржы қажет.

Іздеу аумағы кеңейеді

Энергетика министрлігі алдағы уақытта мұнай мен газ ізделетін аумақтарды көбейтіп, перспективалы учаскелерді бұрғылауға дайындауды жоспарлап отыр.

Сонымен бірге геологиялық зерттеулердің сапасын арттыру және қымбат жобаларға қазақстандық әрі шетелдік инвесторларды тарту көзделген.

Барлау жұмыстарының маңызы бұрыннан пайдаланылып келе жатқан кен орындарындағы қордың сарқылуымен де байланысты. Сондықтан жаңа кен орындарын ашу Қазақстанға қазіргі мұнай өндіру көлемін ұзақ мерзімде ұстап тұру үшін қажет.

Тағы да оқыңыз →
Теңгенің нығаюы да тиімсіз бе: бюджет 700 млрд теңгеден қағылды
Сондай-ақ оқыңыз