
Қазақстандағы кей банктердің директорлар кеңесі мүшелеріне төленетін орташа айлық сыйақы 20 млн теңгеден асып кеткен. Ең жоғары көрсеткіш Халық банкінде тіркелді.
Kursiv Research Қазақстан банктерінің 2024 және 2025 жылдардағы жылдық есептерін, аудиттелген қаржылық есептілігін, KASE мен Қаржы министрлігінің қаржылық есептілік депозитарийіндегі мәліметтерді талдап, директорлар кеңесі мүшелерінің орташа айлық сыйақысын есептеген.
Халық банкі – бірінші орында
2025 жылы Халық банкі директорлар кеңесі мүшесінің орташа айлық сыйақысы 24,4 млн теңгеге жеткен. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 14 млн теңге болған. Яғни бір жылда шамамен 74% өскен.
Банк директорлар кеңесіне 2025 жылы жалпы 1,9 млрд теңге төлеген. 2024 жылы бұл сома 1,2 млрд теңге болған. Зерттеуде сыйақының өсуіне директорлар кеңесін 21 жыл басқарған Александр Павловтың қызметінен кетуі де әсер етуі мүмкін екені айтылады.
Екінші орында Home Credit Bank тұр. Мұнда директорлар кеңесі мүшелерінің орташа айлық сыйақысы 14,6 млн теңгеден 23,1 млн теңгеге дейін өскен.
Одан кейін Банк ЦентрКредит пен ForteBank келеді. БЦК директорларының орташа сыйақысы 2025 жылы 14,6 млн теңгеге, ForteBank-та шамамен 14 млн теңгеге жеткен.
Негізгі басқарушы персоналға есептелген сыйақы, 2024–2025 жылдар, млн теңге
млн теңге
%
Bank of China
** Акцияларға негізделген төлемдерді қоса есептегенде.
*** Директорлар кеңесі мен басқарма мүшелерінен бөлек, негізгі басқарушы персонал құрамына 6 басқарушы директор кіреді.
**** Негізгі басқарушы персонал құрамында 2024 жылы 24 адам, 2025 жылы 18 адам болған.
Bereke Bank-та алты есеге жуық өсті
Ең үлкен өсімнің бірі Bereke Bank-та байқалған. 2024 жылы директорлар кеңесінің бір мүшесіне орта есеппен айына 2,2 млн теңге төленсе, 2025 жылы көрсеткіш 13,5 млн теңгеге жеткен.
Бұған директорлар кеңесінің алты адамнан үш адамға дейін қысқаруы және жалпы төлем көлемінің 126 млн теңгеден 400 млн теңгеге дейін артуы әсер еткен.
Керісінше, Kaspi.kz директорларына есептелген орташа сыйақы акция түріндегі төлемдерді қоса алғанда 21,6 млн теңгеден 7,5 млн теңгеге дейін төмендеген. Тек ақшалай төлемді есептегенде жағдай өзгеше: орташа көрсеткіш 4,8 млн теңгеден шамамен 7 млн теңгеге өскен.
Еуразиялық банкте де айтарлықтай төмендеу болған: директорлар кеңесі мүшесінің орташа айлық сыйақысы 20,5 млн теңгеден 6,3 млн теңгеге дейін азайған.
Барлық банк сыйақыны ашық көрсетпейді
Бұл рейтингтегі маңызды жайттың бірі – Қазақстандағы банктердің бәрі директорлар кеңесіне қанша төлейтінін жеке көрсетпейді.
Kursiv Research мәліметінше, 23 банктің тек алтауы ақпаратты өз еркімен ашық жариялайды. Олар – Отбасы банк, Еуразиялық банк, Home Credit Bank, Citibank, Shinhan Bank және Нұрбанк.
Қалған банктер бойынша директорлар кеңесінің сыйақысы негізгі басқарушы персоналға жұмсалған жалпы шығыннан басқарма мүшелеріне төленген соманы алып тастау арқылы есептелген. Сондықтан жекелеген банктер бойынша нақты төлем мен есептік көрсеткіш арасында айырмашылық болуы мүмкін.
Altyn Bank пен ADCB бойынша есептеуге ашық мәлімет жеткіліксіз. Ал Заман-Банк пен BNK Bank бойынша басқарма мүшелерінің жиынтық сыйақысы туралы ақпарат болмағандықтан, есептеу мүмкін болмаған.